Атырау облысы Білім беру басқармасының Таланттарды анықтау және қолдау орталығы ұйымдастырған «Дарынды оқушы – ертеңгі елдің шамшырағы» атты дәстүрлі тамыз кеңесінде облыстың үздік оқушылары, ұстаздары мен мектептері марапатталды.
Аталған жиында жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарында, шығармашылық байқауларда шәкірттері табысқа жеткені үшін Мақат ауданы Х.Санбаев атындағы орта мектебі «Үздік мектеп-2025» номинациясын иеленді.
Салтанатты сәтте мектеп директоры Жасұлан Садықұлына Атырау облысы Білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуовтің алғыс хаты табысталды.
Сонымен қатар, Х.Санбаев орта мектебінің оқушыларылары Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша республикалық олимпиаданың II орын иегері Диана Болатқызы мен «Зерде» ғылыми жобалар байқауының республикалық кезеңінің III орын иегері Нұржау Орынбай «Дарынды оқушы» номинациясымен марапатталды.
Айта кетейік, білім ордасы өткен оқу жылында 16 бас жүлде, 27 бірінші орын, 31 екінші орын және 4 алғыс хат иеленіп, барлығы 78 ұпай жинады.
Бұл – ұстаздар мен шәкірттердің бірлескен еңбегінің, үздіксіз ізденіс пен табандылықтың айқын жемісі.
Ж.Қамза