Бүгін аудандық орталық ауруханаға «Каспий құбыр консорциум» АҚ-ның демеушілігімен жаңа заманауи үлгідегі ультрадыбыстық зерттеу аппараты табыс етілді.
Аталған жоба облыс әкімі аппараты және облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен жүзеге асты.
Жаңа үлгідегі ультрадыбыстық зерттеу аппараты құрсақ қуысындағы ағзалардың ақауларын, жүрек, қалқанша безі, омырау безі секілді бірқатар аурулардың алдын алу және дер кезінде анықтау, медициналық көмекті сапалы көрсету мақсатында беріліп отыр. Осы ретте аудандық орталық аурухана директорының міндетін атқарушысы Рысгүл Тайшекенова аталған аппарат арқылы тұрғындар өз тұрғылықты жерінен медициналық көмекті уақытылы алатынын жеткізді.
«Бүгін аудандық орталық аурухана тағы бір жаңа аппаратпен толықты. Бұрын аудан тұрғындары ультрадыбыстық зерттеуден өту үшін айлап кезекке тұрып, қалаға баратын болса, ендігі жолы өз тұрғылықты жерімізден медициналық көмекті алатын болады. Ультрадыбыстық зерттеу аппараты арқылы бір маусымда 10-15 науқасты қарауға мүмкіндік беріліп отыр, Соның нәтижесінде бір айда үш жүзге жуық науқасқа көмек көрсетіледі»,- деді Рысгүл Лекерқызы.
Ботакөз Асхатқызы
Сурет автордікі