Атырауда конституциялық реформа мәселелері бойынша жиын өтті

(0 Votes)

Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын талқылауға арналған актив жиыны өтті. Жиынға мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдары, басқармалар мен аумақтық департаменттер басшылары және Қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

img 1357

Ата Заңға енетін өзгерістерді әзірлеу мақсатында құрамында 130 адам бар Конституциялық комиссия құрылған. Оған елдегі жетекші заңгер-ғалымдар, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері енді. Атырау облысынан комиссия құрамына облыстық мәслихат төрағасы Мұса Хайруллиев кірді.

img 1359

Реформалар жөніндегі Конституциялық комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын жариялады. Жоба 11 бөлім мен 95 баптан тұрады. Басты құжат мемлекеттің адамға бағдарлану сипатын күшейтуді, Қазақстан халқына тән негізгі құндылықтар мен қағидаттарды айқындауды, саяси институттар жүйесінің тиімділігін арттыруды көздейді.

img 1362

Жиында облыстық мәслихат төрағасы сөз алып, жобадағы басым бағыттар қатарында білім беру, ғылым, мәдениет және инновациялар барын атап өтті. Бұл елдің ертеңі тек табиғи ресурстармен емес, адами капиталмен және азаматтардың жетістіктерімен айқындалатынын көрсетеді. Бұдан бөлек, цифрландырудың маңызына да айрықша назар аударылған: алғаш рет Конституция жобасында азаматтардың цифрлық ортадағы құқығын қорғау нормасы бекітілді.

img 1355

Облыс әкімі ұсынылып отырған жаңа Конституция жобасының елдің одан әрі дамуы үшін аса маңызды мәнге ие екенін атап өтті. Конституциялық реформа азаматтардың құқығы мен бостандығы аясын кеңейтіп, заң үстемдігін нығайтуға және әділ, ашық және заманауи мемлекет қалыптастыруға бағытталған.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT