Доссор мәдениет үйі ғимаратында орналасқан №212 сайлау учаскесінде барлығы 1516 тұрғын дауыс береді деп жоспарланған. Олардың ішінде 14 мүгедек және 188 вахтада қызмет етуші бар. Сондай-ақ, алғаш рет кәмелет жасқа толып сайлау құқығына ие болып отырған жастар да осы учаскеден дауыс бермек.
Қайырбек Багитов мәдениет саласында қызмет атқарады. Төрт жыл бұрын кәмелет жасына жеткен ол азаматтық міндетін орындауға бүгін алғаш рет келген. Үміт артқан партиясы елімізді жаңа белестерге жеткізетіндігіне сенімді.
- Тәуелсіз Қазақстан елінің азаматы ретінде өз таңдауымды жасау азаматтық борышым деп білемін. Кәмелет жастан асып кетсем де, түрлі жағдайларға байланысты бүгін алғаш рет сайлауға қатысып тұрмын. Енді алдағы уақыттарда сайлау науқанына бүгінгідей белсенді атсалысатын боламын. Таңдауым түскен партия сенімді ақтайды деп ойлаймын,-деді Қайырбек.
М.Серікқызы