Мақат ауданында Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу ҚР Орталық сайлау комиссиясының бекіткен жоспарына сәйкес ұйымдастырылды.
Ауданда сайлау науқанына жалпы саны 12 сайлау учаскесі дайындалды. Оның алтауы Мақат, бесеуі Доссор кенттерінде және біреуі Бәйгетөбе ауылдық округінде орналасқан.
Дауыс беру учаскелерінің орналасуы: мектептерде – 8, мәдениет үйлерінде - 2, спорт кешенінде – 1, жатақханада – 1.
Барлық сайлау учаскелері материалдық-техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Учаскелердегі сайлау комиссиясына 12 төраға, 12 орынбасар, 12 хатшы және 48 мүше бекітілген болатын.
Сайлау учаскесінде дауыс беруге арналған үй-жайды, дауыс беруге арналған пункт нұсқаулыққа сәйкес жарақтандырылған. Дауыс беру учаскелері мүмкіндігі шектеулі жандар кедергісіз кіріп-шығуына пандустармен, белгі тақтайшалармен және қажетті құралдармен жабдықталған.
Аудан бойынша сайлаушылар саны - 16339 адам болса, алғашқы дауыс берушілер саны - 347. Берілген есептен шығару куәлігін алғандар - 21.
Ақпараттық жұмыстармен аудан халқы толық қамтылып, сайлаушылардың сайлау белсенділігін арттыру көзделген. Осы бағытта әлеуметтік желі, ақпарат құралдары арқылы әр сайлаушыға ашық ақпарат берілді. Аудан бойынша барлығы 5 билборд және 26 баннер орналастырылды.
Вахталық әдіспен жұмыс жасайтын сайлаушыларға дауыс беруі үшін учаскелік комиссиялары GPS «Investment» ЖШС, «Доссормұнайгаз» МГӨБ, «Алтиес Петролеум Интернэшнл Б.В. Атырау филиалы, «Дифитэл» ЖШС, Мақат желілік-өндірістік басқармасы мекемелеріне тасымалданатын жәшікпен арнайы баратын болады.
Айта кетейік, бұл күні Мақат және Доссор кенттерінің ішаралық қоғамдық көліктері жолаушыларды тегін тасымалдайды.
Сондай-ақ, Мақат және Доссор мәдениет үйінің алаңында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтпек.
М.ІЗТҰРҒАНОВА