Наурыз айының 3-і күні Мақат кентінде «2022 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңі жағдайларындағы төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға АҚМЖ-ның басқару органдарын, күштері мен құралдарын дайындау» тақырыбында республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізілді.
Бұл жердегі мақсат аудан көлемінде азаматтық қорғау қызметінің құрылымдарын жоғары әзірлікке келтіру, ықтимал төтенше жағдайларды дер кезінде жою, «көктем кезіндегі төтенше жағдайда халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету, зардап шекендерді эвакуациялау және ұйымдар арасында өзара іс-қимылды ұйымдастыру, қолда бар күштерді, құралдар мен ресурстарды тартуға жан-жақты жәрдем және көмек көрсету жұмыстарын жүргізу еді. Алдымен барлық мекеме өкілдері Мақат желілік-өндірістік басқармасы мекемесінің автокөлік тұрақ алаңында күш-құралдар мен техникалардың әзірлігін қарау үшін сапқа тұрғызылды. Саптық тұрғызылуға аудан көлеміндегі Азаматтық қорғаудың 13 қызметі, аумақтық құралым жасақтарының құрамына кіретін 18 мекеме, 145 қызметкер және 36 әр түрлі техника қатысты.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Аслан Камаловтан рапорт қабылдаған аудан әкімінің орынбасары Бекәділ Жайкин сапта тұрғандардың дайындығын тексерді. Өздерінде бар техникасын әкелмей, оқу-жаттығу жиынына немқұрайлы қараған мекеме өкілдеріне ескерту жасады.Тексеріс нәтиежсінде аудан бойынша 5 дана мотопомпа, 160 дана күрек, 500 дана қап, 2 дана генератор, 1 дана спутникалық байланыс телефоны, 27 әр түрлі құрал жабдықтар, инертті материал 18 тонна құм, 10 тонна қиыршық тас қоры, 3800 тонна жанар жағармай, 13 тонна әр түрлі азық-түлік қоры бар екендігі нақтыланды.
Саптық дайындық аяқталғаннан соң мекемелер оқу-жаттығу жиынына кірісті. Бірінші тапсырма бойынша 10 күн бойы тоқтаусыз жауған нөсер жауынның салдарынан Мақат кенті, Ынтымақ көшесіндегі 56 тұрғын үйді су басу қауіпі туындап, көше тұрғындары мен үй жануарларын көшіру жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылданып, тұрғындар толықтай көшірілді.
Екінші тапсырмада Мақат кентінің жеке тұрғын үй секторында табиғи газ баллонның жарылуы салдарынан 5 адам зардап шеккен, оның ішінде 2-уі бала болды.
Туындаған жағдай бойынша №8 Өрт сөндіру бөліміне, 102, 103, 104 бөлімдеріне Мақат кентінің Егемен көшесіндегі тұрғын үйде газ баллон жарылғаны жөнінде шұғыл хабарлама түсті. Оқиға орнына, Мақат кентіндегі №8 Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері келіп тұрғын үйдегі өртті сөндіруге кірісті. Ал полиция қызметкерлері оқиға орнын қоршауға алды. «Казтрансгаз Аймақ» АҚ Мақат учаскесінің қызметкерлері сол сектордағы газ желілерінің зақымдануының алдын алды. Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері зардап шеккен 10 адамды сыртқа шығарды. Бұл кезде аудандық жедел жәрдем қызметкерлері қатты зардап шеккен қозғала алмайтын 5 адамды үстерінкөрпешемен орап алғашқы көмек көрсету мақсатында кереуетпен оқиға орнынан алшақ алып кетті. Қалған 5 адамды кент әкімі аппаратының қызметкерлері эвакуациялық автобустарға отырғызып аудандық ауруханаға жеткізді. Сонымен қатар, «Атырау-Жарық» ААҚ Мақат аудандық филиалының монтерлары тұрғын үйдің тоқ көздерін ажыратып электр желілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
Оқу-жаттығу кезінде аудандық азаматтық қорғау қызметтері бірлесе жұмыс атқарды.
А. Жұмабекұлы