Аптаның бейсенбісінде аудандық жастар ресурстық орталығында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Сыйынар ем Ана деген тәңірге» атымен мерекелік шара өтті.
Нәзік жанды мемлекеттік қызметкерлердің басын қосқан концерттік бағдарлама аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанат Жұмағалиеваның сөзімен ашылды.
«Көңілдеріңізге көктем шуағындай сезім мен нұр құйып, тағы да аналар мерекесі келіп жетті. Осынау көркем мерекенің сіздер үшін де орны бөлек. Олай болатыны, аналарға деген ыстық сезім, алғыс пен құрмет ешқашан сөнбек емес. Бүгінгі арайлап атқан нұрлы таңмен бірге әрбір сәби жүрегі өзіңіз деп соқса, бүгінгі мерекелік шарамызда өздеріңізге арналады, - деген ұйымдастырушылар келесі кезекті мемлекеттік қызметкерлер мен жас еріктілердің дайындаған құттықтау бейнеролигіне берді.
Шараның ең қызықты бөлігі аудан өнерпаздарының өнер көрсетуі болды. Атап айтар болсақ: Маяжан Құлымғариева «Жан гүлім» және «Мерекем» әндерін, Абитовтар отбасы «Жақсы адамдарым» әнін, Іңкәр Файзулла «Ана жаным» әнін нақышын келтіріп орындаса, апалы-сіңлілі Ақерке мен Жанеркенің жетіген аспабымен «Желсіз түнде жарық ай», Айдана Амандық домбыра аспабымен «Жайық деген жанды су» әнімен көрермендердің құлақ құрышын қандырды. Ерекше нөмірлердің қатарына Шырай Демепбергенованың «Аққулар ұйықтағанда» өлеңін оқығаны мен Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінің студенттерінің «Испан биін» билегендігін қосуға болады.
Қонақтар өздерінің құрметіне жайылған мерекелік дастарханнан ауыз тиюімен көңілді кеш мәресіне жетті.
А. Есжан