Аудандық Отбасын қолдау орталығында өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға арналған «Ашық есік күні» өтті.
Шараның басты мақсаты – түрлі санаттағы тұрғындардың әлеуметтік, құқықтық және кәсіби мәселелерін шешуге қолдау көрсету, мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті арттыру болып табылды.
Шара барысында мансап орталығының басшысы Айбол Бағытов, нотариус Айбар Меңдібаев, жеке сот орындаушы Аманжол Қабдолов, адвокат Гүлбаршын Сарсенбаева, сондай-ақ мейірбике Жарқын Баймағамбетова азаматтарды қабылдап, нақты бағыт-бағдарлар берді.
Ал келген тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер қатарында жасөспірімдердің тәртібіне қатысты жағдайлар, неке және отбасы қатынастары, әкімшілік айыппұлдарды өтеу, қарыз және алимент өндіру сынды сұрақтар кеңінен талқыланды. Әр маман өз саласы бойынша жеке қабылдау жүргізіп, құқықтық және әлеуметтік тұрғыда түсініктеме берді.
Сонымен қатар, пробация есебінде тұрған азаматтардың да талап-тілегі назардан тыс қалмады. Олардың бірі медицина саласындағы әлеуметтік көмек пен емделуге қажетті шығындар мәселесін көтеріп, өзінің денсаулығына байланысты жағдайын жеткізді.
Бұл сұрақтарға нақты ұсыныстар беріліп, тиісті мекемелерге жолдану жолдары түсіндірілді.
Айта кетейік, тұрғындар үшін барлық қызметтер тегін әрі қолжетімді форматта ұйымдастырылды. Бір жерден бірнеше сала бойынша кеңес алу мүмкіндігі – уақыт үнемдеумен қатар, өзекті мәселелерді шұғыл шешуге жол ашты.
Шара соңында қатысушылар мамандарға алғыстарын білдіріп, осындай кездесулердің тұрақты түрде өткізілуі керектігін жеткізді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын табады.
Г.Жұбанышқалиева