Қадір түнінің қасиеті

(0 Votes)

Бисмилляхир-Рахманир-Рахим! Әр жылдағы ауыз бекітудің өз ауыртпашылығы мен жеңілдігі бар екені белгілі. Биылғы жылы мұсылман үмбеті мамыражай мамырдың басынан саратанның басына дейін отыз күн ораза тұтуға ниет етті. Қыстан жүдеп шыққан төрт түлік малдың аузы көкке ілініп, диқаншы қауым қара жерге тұқым сеуіп, шаруаны ыңғайлаған сәтте – қасиетті Рамазан айы кіріп келді.

Мінекей, Рамазан айы туғаннан бері мұқым мұсылман баласы күндіз ауыз бекітіп, кеш-құрым жапа-тармағай мешітке ағылып, тарауих оқып, Хақ-Тағаланы ағыстың ішіне бүккен өз сыр-хикметі бар екені хақ. Десе де, қасиетті айдағы теңдессіз илаһи тағдыршешті сәт – ол Қадір түні екені әмбеге аян. Сонымен, мұсылман үмбеті үшін Қадір түні несімен қастерлі? Не себепті қадірлі? «Қадір» сөзінің анықтамасы Қасиетті кештің ерекшелігін жан-жақты таратып айтатын Құран Кәрімде Қадір сүресі бар. Қадір сүресі бес аяттан тұратын қысқа ғана зәм сүресі саналғанымен, оның рухани салмағы аса зор. Мәшһүр муфассир-ғалым Ибн Кәсир өз еңбегінде «Қадір» сөзіне төмендегідей анықтамалар берген: Біріншіден, «Қадір» сөзі «үкім кесілетін түн» мағынасын береді. Бұл хақында Құран Кәрімде: «Ол кеште барлық хикметті істер айырылады», (Дұхан, 4) – деп бұйырылады. Осыған орай, Қадір түнінде Алланың тағдырды үкім ететін мезгілі, яғни әуелгі тағдырдың (ләухул-махфуз) паш етілуі меңзелген. Екіншіден, «Қадір» сөзі «абырой, ұлылық, орасан зор» мағынасын береді. Себебі, Қадір түні – ұлық және аса қасиетті кеш болып саналады. Бұл түннің салмағы мың айдан да қайырлы. Құран Кәрімде бұл турасында: «Қадір түні мың айдан да қайырлы»,– деп баяндалады. Үшіншіден, «Қадір» сөзі «сығылысу, нығыздалу» мағынасын береді. Өйткені, бұл түні бүкіл періштелер жер бетіне түскенде жер жүзі тарлық етіп, олар сыймағандықтан бір-біріне сығылысады. Бұл жайлы Құранда: «Періштелер және Жәбірәйіл (ғ.с.) осы түні Раббыларыңның рұқсатымен барлық іс үшін түседі»,– деп баяндалады. Жыл сайынғы Қадір түнін қаперге алсақ, онда мұсылман баласының қамшының сабындай қысқа ғұмырда жинаған сауабынан биік тау тұрғызатынын көзге елестетуге болады.

Қасиетті түнді құлшылықпен өткізген мұсылманға періштелер салауат айтып, оған бейбіт өмір тілейді. Таң ағарып атқанға дейін періштелер сәлеметі жер бетіне себезгілеп, мұсылман үмбетінің жүрегіне тыныштық пен жан рахат орнайды.

Ислам ғұламалары мұсылман үмбетін жыл сайын Қадір түнін Рамазан айының жиырма жетісі түні қарсы алуға үндейді. Әлбетте, Рамазан айының соңғы он күні, оның ішінде тақ күндері Қадір түні болуы әбден ықтимал. Қасиетті кеште атқаратын амалдар Ислам ғұламалары қасиетті Қадыр түнін төмендегіше атқаруды үндейді: Қадір түнінде Алла ризашылығы үшін ғибадат жасап, намаз оқып, құлдық сезімдерімізді арттыруымыз керек. Құран Кәрім оқып, тыңдап, түсінуге ынта қойып, оған деген сүйіспеншілік байланыс орнатуға тиістіміз.

Қадір түні Раббымыздан бүкіл исі бүтін мұсылман үшін дұға-тілек жасауымыз керек. Қала берді, бейбіт ғұмыр сұрап: «Күллі адамзатты апаттардан сақта» деп тілеуіміз керек.

Олай болса, қадірменді ағайын Алаштың қамы үшін дұға-тілек жасайық. Алла-Тағала Рамазаннан Рамазанға аман-есен жетіп, дәйім қасиетті Қадір түнін қарсы ала беруді жазсын! Әумин!

Дәурен ҚҰТТЫБАЕВ,

Мақат мешітінің имамы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521