ҮНДЕУ ЖОЛДАП, ТУ АЛҒАН: аудан еңбекшілері – 1944 жылда

ҮНДЕУ ЖОЛДАП, ТУ АЛҒАН: аудан еңбекшілері – 1944 жылда
(0 Votes)

Новобогат ауданының колхоздары мен колхозшылары Қызыл Армия майданда шешуші ұрыстар жүргізе бастаған 1944 жылы да алдыңғы қатардан көрінді. Тылдағы еңбекке серпін берген сол жылы новобогаттықтардың мал шаруашылығын өркендетуде жоғары табысқа жету үшін социалистік жарысты одан әрі өрістету жөнінде Қазақ КСР колхозшылары мен колхозшы әйелдеріне Үндеу арнауы болды. Үндеуге 1944 жылдың қаңтар айында өткен озат малшылардың аудандық мәслихатының тапсыруы бойынша аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Қостанбаев пен аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы Қ.Бекешев бастаған 47 адам қол қойды.

Атырау облыстық мемлекеттік архивінің қорындағы құжаттар мен «Социалистік құрылыс» және «Прикаспийская коммуна» газеттерінің материалдары негізінде дайындалған бұған дейінгі жазбаларым (1941,1942, 1943 жылдар) «Нарын таңы» беттерінде жарияға берілген, енді оны 1944 жылғы тылдағы ерен еңбек деректерімен жалғастырып отырмын...

КОЛХОЗШЫЛАРДЫҢ ҚАЖЫРЛЫ ҚИМЫЛЫ

Сонда Үндеуде не айтылған? Үндеу текстінде алдымен «Новобогат ауданының колхоздары 1943 жылды қалай аяқтады?» деген сұраққа жауап беріледі. Мал басын өсіру жөніндегі міндеттеме мүйізді ірі қарадан 106 пайызға, қой мен ешкіден 111, жылқыдан 108, түйеден 110 пайызға орындалды. Соның нәтижесінде аудан бойынша мал басы қабылдаған міндеттемедегіден 5570 басқа, мемлекеттік жоспардағыдан 8350 басқа өсті. Мемлекетке мал өнімдерін тапсырудың барлық түрінен жоспар 1 қазанға орындалып, жыл аяғына дейін 1944 жылдың есебіне алдын ала 153 центнер ет, 8 центнер май, 20 центнер жүн, т.б. өнімдер өткізілді. Өзара жарысқа түскен ауданның 30 колхозы алған міндеттемелерін орындап шықты.

Одан әрі Үндеуде соғыс басталғаннан жүздеген новобогаттық жауынгер майданға аттанғаны, неміс фашистерімен шайқаста орден, медальдармен марапатталғандардың ішінде Айтқали Көшкінбаев, Бақыт Түлембаев, Иманғали Жұбанов және басқа жерлестерін мақтаныш ететіні айтылды.

«Майданға кеткендердің орнын олардың әйелдері, аналары, қарындастары, қариялар мен жасөспірімдер басты. Олардың барлығы жанқиярлықпен еңбек етуде. Фурманов атындағы колхоздың сауыншысы – соғыстағы жауынгердің әйелі Қасымова бекітіліп берілген 14 сиырдан 14 бұзау алды, 15400 литр сүт сауып, жылдық тапсырмасын 157 пайыз орындады, «Бірлік ту» колхозының 55 жастағы шопаны Әбілхас Сүйінов 560 аналық қойдан 687 қозы алып, әр қойдан 3 кг жүн өндірді. Ал озаттар біреу емес, олар көп. Табысымен облысқа белгілі Амангелді атындағы колхоздың жылқы фермасының бастығы Құлмәжит Мырзатаев Қызыл кавалерияға ондаған сәйгүлік өсіріп берді. Жауынгердің әйелі – бақташы Исмагулова қарауындағы малдан бір де шығын бермей келеді.

Аудан колхозшылары жауды жылдам жеңуі үшін майданға көмектесуде патриоттық үлгісін танытуда. 1943 жылы 1500 пұттан астам азық-түлік, 5100 жылы киім, жауынгерлерге сыйлыққа 70 мың сом жіберді. 1-ші соғыс зае-мына және ақшалай-заттай лотереяға жазылу 2 млн 160 мың сомды құрады. «Қазақстан колхозшысы» танк колоннасын жасақтауға 3 млн сом жиналды, «Қызыл балық» колхозының төрағасы Қ.Құрмашев танк колоннасына 150 мың сом берді.

Неміс оккупанттарынан азат етілген аудандарға көмек берілді, оларға 1685 бас мал бөлініп, жіберілді. Сондай-ақ Орлов облысына 24 центнер азық-түлік, 56 бас мал, 110 мың сом, 1100 түрлі тұрмыстық бұйымдармен шептік жасалды. Әскери қызметшілердің отбасыларына 112616 сом ақша, 10323 кг тамақ, 1496 әртүрлі заттар берілді.

Мал шаруашылығымен айналысатын Новобогат ауданында 1943 жылы 30 колхоздың барлығы бірінші рет егін егіп, соғыс жағдайында нанмен қамтамасыз ету үшін 13 мың пұт дәнді дақылдар жинады.

Аудан 4 ай бойы облыстық партия комитеті мен облыстық кеңес атқару комитетінің ауыспалы Қызыл туын қолда сақтап келді.

Аудандық малшылар мәслихатына қатысушылар 1944 жылы бұрынғыдан да табысты еңбек ету және майданға одан әрі көмектесу жөнінде мәселе талқылады және «Қызыл балық» және «Бірлік ту» колхоздарының көтеріңкі межелер белгілеп, барлық колхоздарды жарысқа шақырған бастамасын қызу қуаттай келе 1944 жылға міндеттемелер қабылдады» делінген Үндеуде.

1944 жылға меже қандай еді?

«-Ауданда мүйізді ірі қара санын кемінде 3830 басқа - 20 пайызға, қой мен ешкіні 16000 басқа – 40 пайызға, жылқыны 1460 басқа – 20 пайызға, түйені 150 басқа -10 пайызға өсіруді қамтамасыз ету;

-мал шаруашылығын өркендету жөніндегі мемлекеттік жоспарды жылқы мен түйеден 1 шілдеге, қой мен ешкіден 1 тамызға, мүйізді ірі қарадан 1 қазанға орындау. Осы кезде барлық колхоздар жоспардан шығады;

-колхоздардың мемлекет алдындағы май тапсыру жоспарын 1 тамызға жабу, әрбір сауын сиырдан ауданда белгіленген 600 литр сүт нормасын 650 литр етіп орындау, жүннен жылдық жоспарды 6 айда орындау, әр түйеден 4,5 кг, әр қойдан 2,6 кг жүн алу және 1945 жылдың есебіне алдын ала өнімдер өткізу;

-егістік алқаптарын 500 гектарға дейін кеңейтіп, мол өнім жинау, аудан колхоздарындағы мал қажеттілігінің кемінде 130 пайызы мөлшерінде шөп дайындау, т.б.»

Үндеуде осындай міндеттеме алған новобогатшылар мал шаруашылығын өркендету жөнінде Қазақстанның барлық колхозшылары мен колхозшы әйелдерін 1944 жылы жарысты одан әрі өрістетуге, өсіңкі міндеттемелер белгілеп, оны орындау үшін күресуге шақырды («ПК», №21,30 қаңтар 1944 ж.).

Озаттардың аудандық мәслихатының тапсыруы бойынша үндеуге қол қоюшылар арасынан алдыңғы қатарлы сауыншылар, шопандар, ферма бастықтары мен бригадирлер, учаскелік ветфельдшерлер, колхоз төрағаларының аты-жөндерін оқуға болады (Үндеу мәтіні мазмұндап беріліп отыр. Сонымен қатар аталған газеттерде «новобогатшылар» сөзі қолданылған (М.Ө).

* * *

«Ел алдында берген серт, еңбек ет те, оған жет» дегендей, алдыңғы қатарлы колхозшы малшылардың аудандық мәслихатында қабылданған Үндеу ауданның 82 бастауыш партия ұйымы, 46 комсомол ұйымы және 30 колхоздың колхозшылар жиналыстарында талқыланып, бүкіл ел алдындағы жауапкершілікті сезінген новобогаттықтар алғашқы күннен еңбек көрігін қыздырды. Үндеу облыстың барлық колхоздарында талқыланып, оны бірауыздан қолдады және оған жауап ретінде көтеріңкі міндеттемелер қабылдады. Облыстық газеттерде «Новобогаттықтардың Үндеуі бойынша алынған міндеттемелердің орындалуын тексереміз» айдарымен бас-тама иелерінің ерен еңбегімен қатар басқа аудандардан материалдар тұрақты жарияланып жатты.

ТЕР ТӨКПЕЙ ТАБЫС БОЛМАЙДЫ

Ауданда мал қыстатуды ұйымшылдықпен өткізе отырып, шешуші кезең – төл алуға жан-жақты әзірленді. 30 колхоздың 25-і төл алуға дайындықты ерте әрі сапалы аяқтады. Бұзау тұратын 70 қора, қозы-лақ тұратын 74 қора, сонымен бірге алыс жайылым учаскесінде төлдейтін малдар үшін бұзауға 4, қозы-лаққа 10 киіз үй әзірленді, құнарлы пішендер тасылды. Колхоздардан 544 колхозшы мал төлдейтін қораларға жәрдемге бөлінді, фермаларға қосымша жіберілген бір кісіге орта есеппен 60-70 қозы, 18-20 бұзау, 10-15 құлын, 8-10 ботадан бекітіп берілді. Аудан бойынша 1 наурызға дейін 2345 бұзау, 1540 қозы-лақ, 175 құлын, 21 бота алынды.

Мал басын шығынға ұшыратпай, қыстақты ойдағыдай аяқтаған «Бірлік ту» колхозы (төрағасы Қ.Нұғыманов) және Чкалов атындағы колхоз (төрағасы Р.Бекмурзин) және І тоқсанның балық аулау жос-парын 170 пайызға орындаған Амангелді атындағы колхоз (төрағасы Ж.Бермағамбетов) облыстық газеттер бетіндегі облыстың Құрмет тақтасына енгізілді. Ал, қыстақты табыс-ты аяқтаған, төл алуды жақсы бастаған облыстың алдыңғы қатарлы колхоздарының Құрмет тақтасына «Алғашық» (төрағасы Қ.Дүймұханов), Карл Маркс атындағы (төрағасы М.Қалиев), Молотов атындағы (төрағасы С.Борасынов) және Чкалов атындағы колхоздар ілікті.

Қыстан желінбей қалған, жартылай желінген пішендерді сақтау және су баспайтын жерлерге шығарып үю туралы облыстық партия комитеті мен атқару комитетінің 1944 жылғы 22 ақпандағы қаулысына сәйкес аудан колхоздары жұмыстар ұйымдастырып, жемшөпті ысырап етпеу, алдағы науқанға дайындық қамын жасады.

1943 жылдың қорытындысымен мал басын өсірудің жоспарын асыра орындап, республикада бірінші орын алғаны үшін Гурьев облысына Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің ауыспалы Қызыл туын тапсыруға арналған сәуірдің 8-і күні жиында сөйлеген «Қызыл балық» колхозының жылқы фермасының бастығы Теміров қыстақты нәтижелі аяқтаған аудан колхоздарында төл алу қызып жатқанын жеткізді. Осы жиында қабылданған гурьевтіктердің 1944 жылы мал шаруашылығын өркендетудің мемлекеттік жос-парын орындауға және асыра орындауға Ақтөбе облысының колхозшыларын, колхозшы әйелдері мен мал мамандарын жарысқа шақырған Үндеуінің бір тұсында былай деп жазылды: «Новобогат ауданының рес-публикада социалистік жарыс-ты өрістету жөніндегі бастамасын кең қолдап, облыстағы барлық колхоздарымыз, фермаларымыз, бригадаларымыз мал шаруашылығын өркендетудің жоспарын орындау жарысына қосылды». Бұл үндеуге қол қойғандардың ішінде Новобогат ауданынан «Күкіртті» колхозының сауыншысы К.Дүйсеғалиева және қой фермасының бастығы К.Жолдасбаев, Молотов атындағы колхоздың сауыншысы К.Мұханова мен ферма бастығы М.Бірәлиев, Карл Маркс атындағы колхоздың шопаны Н.Тәтеков, барлығы оншақты адам болды. М.Бірәлиев басқарған тауарлы сүт фермасы 138 сиырдың әрқайсысынан жылына 650 литр сүт саууға міндеттеніп, 3 айда жылдық сүт өндіру жоспарының үштен екісін орындап үлгерді.

«Жаңаталап» колхозының жылқышысы Серікбай Әпендиев құлынды көп алумен бірге Қызыл Армияға таңдаулы 6 ат өсіріп берді, осы колхоздың шопаны Әбу Шынтуғанов қарттығына қарамастан жалғыз өзі жазда құдық қазды, малды өрісте бағып, көп төл алды, ал қарт жылқышы Досқали Әйтесов 34 биеден 34 құлын алып, шығынсыз өсірді. Молотов атындағы колхоздың стахановшы сауыншысы Дәмелі Ысмағұлова алдыңғы жылы алып баққан 47 бас қашарының жартысын бүзаулатып, төлін аман өсірді, «Жасқайрат» колхозының үлгілі сауыншысы Ағиба Қажбенова І тоқсандық сүт жоспарын 130 пайыз орындап, қарауындағы 11 бас сиырды бұзаулатты.

Мамыр айының басына «Бірлік ту» колхозында 82 бұзау, 6 құлын, 240 қозы-лақ, Мыңтөбедегі «Елтай» колхозында 140 бұзау, 22 құлын, 429 қозы-лақ алынды. Жанбай ауылындағы «Жаңаталап» колхозы төл алу науқанын табыс-ты аяқтағандардың бірі болды.

5 айда Айбас ауылдық кеңесіндегі екі колхоз - Чкалов атындағы колхоз сиырды 761, қой-ешкіні 3445, жылқыны 213, түйені 12 басқа, «Жаңа тұрмыс» колхозы сиырды 671, қой ешкіні 2091, жылқыны 91, түйені 27 басқа жеткізіп, мал басын өсіру жөніндегі жылдық межесіне мерзімінен бұрын жетті. Сүт сауу және басқа мал өнімдерін өндіру көлемі артты.

Чкаловтық колхозшылар мал шаруашылығын өркендету жөніндегі аудандық социалистік жарыста Новобогат аудандық партия комитеті мен атқару комитетінің шешімімен ауданның ауыспалы Қызыл туын үш ай бойы қолда ұстап келсе, 6 айлықтың қорытындысымен бұл ту Мыңтөбе ауылдық кеңесіндегі «Алғашық» колхозына берілді (АОМА, қор №12, тізімдеме №1, іс №118).

3-5 маусым күндері өткен облыстық партия комитетінің пленумында сөйлеген аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Қостанбаев мал шаруашылығын өркендетудің 1944 жылғы мемлекеттік жоспары аудан бойынша төрт түліктен бірдей 5 ай ішінде орындалғанын баяндап, екі мәселені: бірі - осы кезге дейін колхоз жерін басқаларға алып беруде колхоз мүддесімен санаспау фактісінің орын алып келгенін, екіншісі – Жайық-Каспий тресінің және Гурьев балықшы колхоздар одағы басшыларының аудандағы 4 балықшы колхозы колхозшыларының үй тұрмысын жақсартуға қамқорлық жасамай отырғанын сынға алды.

Жұдырықтай жұмылған істің нәтижесі көріне бастады. Республиканың облыстары мен аудандарының колхоздық мал шаруашылығын өркендету жолындағы жарысының 5 айлық қорытындысын қараған Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесі озат шықты деп тауып, Гурьев облысына және Гурьев облысының Новобогат ауданына Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің ауыспалы Қызыл туы мен ақшалай сыйлығын беру туралы қаулы қабылдады (республика бойынша бұндай жетістікке жеткен Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарынан үш аудан болды).

Осы ауыспалы Қызыл туды тапсыруға арналған облыс орталығындағы мал шаруашылығының алдыңғы қатарлылары бас қосқан облыстық мәслихатында жасаған баяндамасында облыстық партия комитетінің хатшысы Қамбаров Новобогат ауданының жыл басынан бергі жоғары табыстарына ерекше тоқталды: «...Бұл аудан колхоздарының көпшілігі ірі малдан да, төлден де мал шығынын болдырмады. Аудан бойынша төл шығыны бұзаудан 0,5 пайыз, қозы-лақтан 0,1, құлыннан 0,4 пайыз болды. «Алғашық» колхозы ірі мүйізді мал, жылқы және түйе жөнінен бір бас та шығын еткен жоқ, алынған төлдер толық сақталды. Бұл колхозда мал өсімі: ірі мүйізді қарадан 28 пайыз, қой-ешкіден 50,7, жылқыдан 17, түйеден 4 пайыз болды. Молотов, Чкалов атындағы, «Кетешағыл», тағы басқа колхоздар да жақсы көрсеткішке ие болды... Карл Маркс атындағы колхоздың сиыр фермасының бастығы Оспанова 236 сиырдан 236 бұзау алып, аман сақтады, сүт тапсыру жоспарын 1 шілдеге 160 пайыз орындады. «Жаңаталап» колхозының аға жылқышысы Дабылова 24 биеден 24 құлын алды. «Алғашық» колхозының аға шопаны Марданова бір де мал шығынын болдырған жоқ, әрбір 100 бас ешкіден 145 лақ алып өсірді». («СҚ», №144, 19 шілде).

Ал осы мәслихатқа қатысушылардың қабылдаған Үндеуінде былай деп жазылды:

«...Барлық колхоздар, әрбір колхозшы және колхозшы әйел новобогатшылардың Үндеуіне жауапқа арнап алған өздерінің міндеттемесін орындап, уәдеден шығуды өздерінің құрметті борышы деп білуге тиіс. Сонда біз колхозшылардың еңбек күніне бөлінежақ жоспардан тыс өндірілген малдың мөлшерін неғұрлым көбейте аламыз».

Малшылар арасындағы жарыстың 5 айлық нәтижесімен облаткомының ауыспалы Қызыл туы мал шаруашылығын өркендету жоспарын барлық түрінен орындаған Новобогат ауданында қалдырылды.

Мәди ӨТЕҒАЛИЕВ,

қазақ журналистикасының қайраткері, өлкетанушы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT