БҰЛ ӨЛЕҢ ЖОЛЫ АТАҚТЫ АҚЫН, ЖЕРЛЕСІМІЗ ЖҰБАН МОЛДАҒАЛИЕВТЕН АЛЫНЫП ОТЫР. ОНЫҢ ӨЗІНДІК МӘНІСІ ДЕ БАР. СОНАУ 1941-1945 ЖЫЛДАР АРАЛЫҒЫНДАҒЫ СҰРАПЫЛ СОҒЫСТА АЛДЫҢҒЫ ШЕП МӘСКЕУ ІРГЕСІНЕ ТІРЕЛІП, «ШЕГІНУГЕ ЖЕР ЖОҚ, АРТЫМЫЗДА МӘСКЕУ» ДЕП ҰРАНДАҒАН КЕҢЕС ӘСКЕРЛЕРІ ҚЫСТЫҢ ҚАҺАРЫН ДА ЖАУҒА ҚАЛҚАНДАЙ ҚАДАП ҚАРСЫЛАСЫП ЖАТҚАН ТҰСТА 1942 ЖЫЛДЫҢ 5 ҚАҢТАРЫНДА ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРЫЛҒАН НҰРҒАЛИ АЛМАҒАМБЕТҰЛЫ ДА СОЛ ОТ ПЕН ОҚТЫҢ НАҚ ОРТАСЫНА ТҮСЕДІ. ӘКЕ ШАҢЫРАҒЫНДА 24 ЖАСТАҒЫ ЗАЙЫБЫ БАТИХА, 3 ЖАСТАҒЫ ҰЛЫ САЙЛАУ (ҚАЛЫБАЙ) ЖӘНЕ ДӘЛ СОЛ 1942 ЖЫЛДЫҢ 2 ҚАҢТАРЫНДА ӨМІРГЕ КЕЛГЕН ЖОЛДЫҚЫЗ АТТЫ ПЕРЗЕНТІ ҚАЛҒАН ЕКЕН. ҚАЙРАН ӘКЕ НҰРҒАЛИДЫҢ ЕКІ-АҚ КҮНДІК ЖҰПАР ИІСТІ ШАРАНАНЫ ҚҰШАҒЫНА АЛЫП, БАУЫРЫНА ҚЫСЫП, ӘКЕЛІК МАУҚЫН БАСЫП ҮЛГЕРМЕЙ-АҚ ТОЛҚУ ҮСТІНДЕ ЖҮРІП, ОНЫ, БАР ЖАНҰЯСЫН АҒАЙЫНДАРЫНА АМАНАТТАУҒА ДА МҰРШАСЫ БОЛМАПТЫ.
Әскери тәртіппен алыс жолға атта- нар алдында дәм- тұзы мен киім- кешегін салған қапшықты иығына асынып, асығыс қана: – Кешегі өмірге келген нәресте ұл ма, әлде қыз ба?- деп сұрапты етегі жасқа толып жүрген әйелі Батихадан.
– Қыз ғой, – деп сол сәтте қымсына көзі жасын мөлдірете тұрып, жауап берген екен ана жарына ақырғы рет. – Ендеше атын Жолдықыз қоярсың. Жолым болып, жаңбырдай жауған оқтан жаралансам да елге жетермін мүмкін, – деп, үміттене тіл қатыпты әкесі. – Менің ағайындарым алыста, аласапыран соғыста сені іздеп келер елден кісі табылар ма, сірә? Тәуекел деп төркініңді тауып ал,- деді де жөргектегі Жолдықызын құшағына алып, мейірі қанғандай бір-екі иіскеп анасына ұсынып тұрып. Бұл асығыс болса да азаматтың ұл-қыздарын елге аманаттағаны еді. Батиха ананың да бар үміті үшбұрышты хатта жазылған ерінің жылы хабары, есен- саулығы болып қала береді.
Нұрғалидан жыл жарымдай сиректеу болса да хабар келіп тұрады. Бір хатында: "Жаралы болып госпитальда жатырмын, бірақ елге босататын емес, жеңіл жараландым», – деп оралудан күдерін үзгендей үзік-үзік жолдарды ғана жазыпты. Келесі 1943 жылы жазғытұрым Батиха көрпе-көпшігі мен алаша- төсенішін өгіз арбаға таңып, ал ұл мен қызын екі қолтығына қысып, төркініне оралғанда, қаралы ха- бар да көп күттірмей жетеді. Ол 1944 жылдың күзі бо- латын. Колхоз кеңсесіне «қатардағы қызыл әскер Нұрғали Алмағамбетов елін қорғаған ұрыста ерлікпен қаза тапты» деген хабарды енді шаңырағына алып бару өте ауыр жай еді. Осы арада халқымыздың қанына сіңген қасиет, ондай оқыс оқиға, қаралы хабарды бүгінгідей емес, үлкеннің, көпті көргеннің дуалы аузымен, көргендінің жұбату тілімен жеткізетін еді ғой.
Бұл хабарды алғашқы көрген кеңсе есепшісі болып жұмыс істейтін Батиханың інісі (Намаз Ермұханов) оны да істемей, жасырып ұстап қалғанды жөн көреді. Ондағы мақсат апасының шаңырағына соғыстың қасіретін жеткізбей, еңсесін езбей қалқалап, барынша қара жамылуын қашықтату әрекеті болатын. "Сонымен Нұрғали әкесі Жолдықызының тәй-тәй тұрып, қаз баласындай балпаңдап жер басқанын көре алмай, жат жердің топырағын көрпедей қымтап қалған екен. Жары Батиха болса, қолына күрек алып жер қазады, еңбектей жүріп егін егеді, колхоздың бар шаруашылығының басын қайтарады. Көз жасын көпшілікке көрсетпей жүріп, майдан үлесіне малын береді, елмен бірге еңбегін жасайды. Балдарының былдырлаған тілі мен сыңғырлаған үнін ести жүріп, сыңарынан күдер үзбейді. Себебі ерінің «алдым – оқ, артым – шоқ» дегендей, енді не істейін деп соңғы сәттегі сөзсіз қоштасқаны әлі есінде... «Тірі болса өзі келер, өлі болса хабары жетер» деген үміт үркердей болып жүрегіне жиналған еді жарының. Үйден тірі аттанған жанды кім қияды ажалға? Бірақ әскердегі жарынан хат та, хабар да келмеді...- деп жазды кейін облыстық "Атырау" газетіне геология- минералогия ғылымдарының докторы, профессор Дүйсен Мырзағалиұлы. Әрине, Жолдықыз апаның ағасы Сайлаудың қызы кітапханашы Гүлфариза қарындасымыз ұсынған көп дерек пен осы мақалада жазылған бар жайды қайталауды жөн көріп отырғанымыз жоқ. Тек азамат туралы қысқаша деректерді берсек, Алмағамбетұлы Нұрғали облыстағы Қамысқала ауылында 1907 жылы өмірге келген екен.
Әкесі мен анасы 1918 жылы қайтыс болады. Еті тірі, пысық жігіт Нұрғали Алмағамбетұлы еңбекте ерте шыңдалып, ер жетіп, көптеген қызметтің басы-қасынан та- былады. Ол 1936 жылы Есбол ауданындағы Бөдене ауылдық кеңесінің төрағасы, одан 1937 жылдан 1938 жылғы мамырға дейін Плотөбе ауылдық кеңесінде үлкендерді оқытып, сауатсыздықты жоюға қатысады. 1938 жылдың тамызын Бақсай аудандық қаржы бөлімінде салық агенті болып қызмет атқарып жүргенде партия мүшелігіне кандидат, одан соң мерзімі кел- генде мүшелікке қабылданады. Бірақ осымен бейбіт заманның тіршілігі тәмамдалып, азаматтың соғыс сүрлеуі басталады. Оның мән-жайына жоғарыда тоқталдық. Ол сан жылдарға созылған арадағы белгісіздік пен үнсіздіктің ақырын сынаптай сырғыған уақыт толтырған жайы бар.
Тірі адам тіршілігін істеп, өмір алға жылжи береді деген де ақиқат қой. – Ұлы мен қызы бойжетіп ауылдық мектепке барады, ұлы Сайлау да ер жетеді. Әкесін көрген ел азаматтары «Нұрғалидан қалған тұяқ қой, – деп, оның есімін Қалыбай атап кетіпті. Ол мектепте жақсы оқып жүріп, колхоз шаруашылығын да үйренеді. Анасы сауыншы, ұлы мал бақташысы болды. Жолдықыз да ертерек еңбекке араласады. Ана жолын жалғастыра жүріп алдыңғы қатардағы санаулы сауыншы ілегіне ілінді. Сауын малдың сыр қасиетін жүрегімен сезініп, көңілімен көре білді. Нәтижесінде сауын малдың әр басынан мол мөлшерден сүт алып, елдегі ерекше сауыншылардың бірі болып саналды. Қазақстан коммунистік партиясының XV съезіне делегат болып қатысты. Күн айналып, жыл жылжып Батиха ананың ұлы ержетіп үйленді, қызы бойжетіп ұзатылды. Нұрғалидан хат-хабар келмеді. Зайыбы сонда да үмітін үзбеді.
Сүйегі табылса, іздеп барып тағзым етсем, бір уыс топырағымды да салсам деген толғаныс ананың ажарынан айқын сезіліп тұрушы еді. Оңаша ойға қалса ғазиз жүрек, елжірер мінезі ғой елден бөлек... деген ана тілегін орындаудың жолы қандай ауыр болғаны бір Аллаға аян болар. Оның барлық жағдайына да жоғарыда аталға мақаланы оқып, қаныға түстік. Оған қосарымыз майдангердің қызы, Бөдене ауылының тұрғыны Жолдықыз Нұрғалиева ауылдасы Аманкелді Сапаров деген азаматқа тұрмысқа шығып, екеуі шаңырақта 7 ұл-қыз сүйіп тәрбиеледі.
Бір өкініштісі, жұбайы Аманкелді өмірден ерте- рек өтті. Осы ретте біз соғыста хабар- сыз кеткен майдангер Нұрғали Алмағанмбетұлы туралы арада сан жылдар өткен соң көптеген құпиялардың беті ашылған тұста бір дерек табудың мүкіндігі туғанын да айта кеткіміз келеді. Көп ізденістің соңы түрлі деректердің әрбірін салысты- рып, сараптау нәтижесінде 5-6 ай өткен соң Украина тобынан Алмағамбетұлы Нұрғалидын Днестр өзенінен жеделдеп өту барысында оққа ұшып, жерлен- ген жері табылғаны туралы хабар құлаққа жетеді. Нұрғали Алмағамбетов 111-гвардиялық атқыштар полкінде болған. 1944 жылы 12 сәуірде Молдова жерінде Днестр өзенінен жеделдеп өту тапсыр- масы 111-гвардиялық атқыштар полкіне берілген. Бұл полк 1944 жылғы мамыр айының 1-нен 15- сі apалығындағы табан тірескен ұрыстарға түскенде көптеген адам шығындары орын алады.
Сол тізімде нөмірі 33-болып Нұрғали Алмағамбетов көрсетіліпті. "Оққа ұшқан мезгілі 1944 жылы сәуір айының 14-күні, жерленген жері сол кездегі Молдова АССР, Кишинев облысы, Паланка село- сынан шығысқа қарай 2500 метр жер деп көрсетілген. Тізім бойынша 46 адам жерлен- ген. Қол қойғандар 40-гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі, гвардия полковнигі Мельников және дивизия штабының 4-бөлім бастығы гвардия капитаны Грязин. Осы тізімге қосымша ретінде жерленген жердің орны картаға түсіріліп көрсетілген. Яғни қазіргі Молдова Республикасының Штефан-Водэ ауданына қарайды екен," – деп жазылған жолдар майданнан оралмаған сол боздақ туралы соңғы дерек еді. "Орны бар оңалар" деген ғой. Майдангердің ұлы Сайлау мен келіні Райханнан жеті немересі, ал қыздарынан да оншақты жиендерін көріп, ардақты ана Батиха 2010 жылы 92 жасында бақилыққа аттанды. Әрине, ана мұңына ем болар асыл азамат туралы көңіл жұбатар бір дерек тым кеш табылды. Бірақ оның ұрпақтары «бұл да бір Тәңірдің кез келген пендесіне бере бермейтін сыйы ғой» деп, келешектеріне зор үміттерін арта шүкіршілік етеді.
С.БИСЕНОВ