Партизан күнделігі: Қасым Қайсеновтің жау тылына жорықтары — аңызға айналған ерліктер

Партизан күнделігі: Қасым Қайсеновтің жау тылына жорықтары — аңызға айналған ерліктер
(0 Votes)

АСТАНА. KAZINFORM – Екінші жаһан соғысының тарихында ерен ерлігі, көзсіз батырлығы, асқан сұңғылалығы және қайтпас қайсарлығымен аты қалған ерек тұлғалардың бірегейі — партизан Қасым Қайсенов. Жау тылына 4 мәрте арнайы тапсырмамен тасталған даңқты батырдың тағдыр-талайына Тәңірінің өзі жүз жауынгердің өміріне татырлық шытырман оқиғаларды үйіп-төгіп бере салғандай. Оқырман назарына осы бір болмысы бөлек жауынгердің басынан кешкен ерлікке толы оқиғалардан бір үзік шолу ұсынамыз.

Екінші дүниежүзілік соғыс Кеңес Одағының 27 миллиондай адамын жалмады. Онда ерен ерлік көрсеткен қазақтардың саны аз болмағаны тарихтан мәлім. Бүкіл КСРО бойынша 12 мыңнан астам жауынгер, командир, қолбасшы, партизан, қарапайым халық өкілдеріне ең жоғары құрмет белгісі – «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілсе, соның 103-і - қазақ ұлтынан шыққан. Ал, жалпы, бұл атаққа 500-ге жуық қазақстандық ие болды.

Қиян-кескі ұрыстар майдан шебінде ғана болған жоқ, жау тылында да партизан отрядтары жойқын күрес жүргізді. Эшелондарды жарып, қару-жарақ, оқ-дәрі, азық-түлік, әскери техникаларды жойып, немістерді орасан шығынға ұшыратып отырды. Тұтқиылдан шабуыл жасап, әскери тұтқындарды босатып алып, түнгі уақыттарда дүркін-дүркін соққы беріп, фашистердің дегбірін қашырды. Әсіресе, Кеңес әскері жауды тықсырып келе жатқанда тылдан шабуыл ұйымдастырып, жаудың берік бекінуіне кедергі жасады. Бұл тәсіл өте жемісті болып шығып, орталық штаб партизандық қозғалыстарға ең жаужүрек жауынгерлерді іріктеп аттандырып отырды.

Арнайы әскери дайындықтан өткен жауынгерлер аз уақытта жергілікті халықтан орман ішінде жасақ құрып, әскери тәртіп орнатып, тылдағы қарсылық үлкен күшке айналды. Жеңіс күнін жақындатуға орасан үлес қосқан осындай жаужүрек жауынгерлердің ішінде қазақтың қайсар ұлы Қасым Қайсенов те бар еді.

Қойын дәптердегі жазбалар: тарихи деректер ме, әдеби шығарма ма?

Қасым Қайсенов 1918 жылы 23 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Асу-Бұлақ ауылында қарапайым еңбекші отбасында дүниеге келген. 1934 жылы орта мектепті толық аяқтамай, Өскемен қаласындағы саяси-ағарту техникумына оқуға түседі. 1939 жылы оны бітірген соң әскери-барлау мектебіне жіберіледі. Академик Мұхтар Құл-Мұхамедтің жазуынша (Қаһарман. «Менің ағаларым» циклынан), бұл оқу орны Совет Одағындағы әскери барлаушылар мен жау тылында диверсиялық әрекеттерді ұйымдастыруға маманданған жалғыз әрі басты орталық болған.

1941 жылы қараша айында осы мектепті бітірген бойда ол Оңтүстік-Батыс майданының штабына жөнелтіледі. Сол жерден арнайы тапсырма бойынша Украинаның басқыншылар қолында қалған жеріне аттанады.

Бара салысымен Қасым Қайсенов В.И. Чапаев атындағы партизан құрамасының отрядын басқарады. Молдавия, Украинаның Закарпатье бөлігі, Чехословакия және Румыния жеріндегі ұрыстарға қатысады. Осы жылдарда бастан кешкен оқиғаларын кейін көлемді повесть етіп жариялайды.

Осы тұста басын ашып алу керек бір нәрсе бар. Көркем әдебиеттегі оқиғаларға, рас, қаз-қалпындағы тарихи дерек ретінде қарауға болмайды. Себебі, кейде «көркем шындық» пен шын оқиғаның арасы жер мен көктей алшақ кететіні бар. Мәселен, көне батырлар жырынан тарихшылар сол кездегі қару-жарақ, жекпе-жек өнері, әскердің жасақталуы секілді жанама мәліметтерді алғанымен, сол батыр жайлы тұтас шынайы деректі тек тарих ғылымы жазып шыға алады. Олай болса, «Бұл әдеби туындыдан неге шынайы оқиғаларды іздеп отырсыз?» деп сұрауыңыз мүмкін және бұл өте орынды сұрақ болар еді.

Әдебиет те дамып, жетіліп отырады. Кей сәттерде тарих ауылына жақындай түссе, кей тұста мүлде бөлек, тың бағыт қалыптастырады. Мысалы, Қытайдағы қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, көп жылы қуғын-сүргінде өткен Таңжарық Жолдыұлы қазақ әдебиетіне «түрмеде туған әдебиет», яғни «түрме әдебиеті» деген ұғымды енгізген. Кейін Қажығұмар Шабданұлы 6 томдық «Қылмыс» романын түрмеде жазып, бұл терминді біржола бекітті.

Сол секілді Қасым Қайсенов «партизан әдебиетінің» негізін қалаушы, біздің білуімізше бұл жанр Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін Кеңес Одағы кеңістігінде болмаған.

«Жау тылында» деп аталатын кітабының алғы сөзінде автор ауыр күндерден есте қалған оқиғаларды сарғайып, тозығы жеткен қойын дәптеріне сүйене отырып жазғанын айтады. Тіпті, майдандағы өмір шындығынан алыс кетпес үшін қанды көйлек партизан достарының аты-жөндері де өзгертілмеген, жер-су, қала аттары да қаз қалпында сақталған. Сондықтан бұл еңбекті әдеби жанрға лайықталып аз-кем өңделгені болмаса, шынайы естеліктер деп санауға әбден болады. Ал естеліктер - тарих ғылымының ажырамас бөлігі. Осы себепті, бұл повесті әдеби ғана емес, шынайы тарихи деректер қамтылған жаңа жанрдағы әмбебап туынды санаймыз.

Бүкіл повесті мазмұндап отыру негізгі мақсатымыз емес, бірақ Қасым Қайсеновтің жай партизан емес, жүрек жұтқан жауынгер, қиыннан жол таба алатын әккі әрі әрдайым жолы болғыш жан екенін көрсететін бірнеше оқиғаны таңдап алдық.

***

Алғашқы жорық һәм қан-қасаптан жалғыз аман шығуы

Қасым Қайсенов 1941 жылы қараша айында арнайы партизандар даярлайтын мектепті бітірген бойда Оңтүстік-Батыс майданының штабына жөнелтілгенін айттық қой. Келе салысымен ол Украина партизандар қозғалысы орталық штабының бастығы генерал-майор Строкачтың бұйрығымен 8-партизандар отрядының командирлігіне тағайындалып, мынандай тапсырмалар алады: Жау қолында қалған Киев, Полтава облыстарында жергілікті халықтан партизан отрядтарын ұйымдастырып, жаудың тылына іріткі салу; көпірлерді, қатынас жолдарын, коммуникациялық тораптарды талқандау; жеке шыққан немістердің көзін құрту; жаудың барлық күштеріне бөгет жасап, үрей туғызу...

Осылайша, жүктелген міндетті орындау үшін 9 партизан алғаш рет жау тылына аттанады.

23 жасқа енді толған Қасым бастаған отрядты парашютпен жерге түсісімен жау қоршап алып, қасындағы жолдастары түгел қаза табады.

Көрнекті қаламгер Ахат Жақсыбаевтың батырдың өмірі жайлы «Қайтпас Қайсар» атты сұхбат кітабында осы сәттерді Қасым Қайсенов былай деп еске алады:

    «Жау тылына, орманға түскеннен-ақ фашистер листовка таратып «беріліңдер, пәлен-түген» деп бізді айналдыра бастады. Бізді көп адам деп ойласа керек. Сол екі ортада он адамның біреуі қашып кетіп, тіпті қиын болды. Енді фашистер біздің санымызды да, қандай топ екенімізді де, кім басқарып келгенін де, қандай қару-жарақ бар екенін де біледі.... Қашып кеткен әлгі адамның кесірінен сырымыз мәлім болып, төртінші күні қоршауда қалдық. Партизандық өмірімнің алғашқы ұрысы, бетпе-бет шайқас осылай басталды. Кешке дейін атысқанда Борис деген пулеметші орыс жігіті екеуміз ғана тірі қалдық. Басқасы оққа ұшты. Фашистердің де біразын жайратқанбыз. Қас қараюын күттім. Қасымдағы жігіт ауыр жаралы, жүруге жарамайды. Содан қараңғы түнде Днепрді бетке алып, қансырап, әрең жатқан адамды плащ-палаткамен сүйретіп қоршаудан өтіп кетуге тырыстым. Қоршаудан құтылып шығып, Днепрге жақындай бергенде жаралы серігім қайтыс боп кетті. Оны жерлеуге менде уақыт болмады. Сүйреп әкеп бір жарға жатқызып, плащ-палаткаға орап, бетін көлеңкелеп кетуге ғана шамам келді. Қан кешіп, қайғы жұту, өмір мен өлім арпалысы, жауыздық, қатыгездік қасіреті мен үшін осылайша басталды».

Әрең дегенде неміс солдаттарынан қара үзіп шыққан ол бәлен күн орман ішінде жападан жалғыз жан сауғалап жүреді. Осы кездердегі қиындықтарды «Жау тылында» кітабында былай деп жазады:

    «Орман ішінен жүрегіңді жалғайтын нәр таба қою оңай емес. Пышақтың ұшымен қайыңның қабығын тесіп, оған түтік іспеттес іші қуыс қу шөп сұғып, астына консерві қалбырын тосып қоям. Қант қосқан шай тәрізді тәтті-ақ. Ішсем әжептәуір нәр алып, жүрегім жалғанып қалғандай болады. Екінші бір қорегім: теректің сыртқы қабығының астындағы ақ шелі... Дәмсіз болғанмен, одан да талғау алғандай боламын. Соңғы күндері аштықтан әбден бұралып, көзім қарауытып, басым айналып, қарға адым жер мұң болып барады. Енді еңбектеп жүріп, жоңышқаның көгілдір гүлін теріп жейтін болғам. Одан өзге қорек жоқ».

Осы ауыр кезеңді «Қайтпас Қайсар» сұхбат кітабында:

    «Сол жолы орманда он шақты күн жалғыз жүрдім. Жау тылында әр жерде күні бұрын белгіленген, астыртын кездесетін орындар бар екенін білетінмін. Солардың бірін іздеп тауып, Примак дегенмен кездестім. Біраз уақыт сол Примакпен бірге жүріп, астыртын аудандық комитет, обкомның көмегімен Киев, Полтава жерінде Чапаев атындағы партизан құрамасын ұйымдастыруға қатысып, кейін сол құраманың полк дәрежесіндегі бір отрядын басқардым. Екі жарым жылда Днепрдің оң жағында, сол жағында – жау тылында небір қырғын майдан жасадық. Небір оқиғаларға араласып, бәрін де бастан кештік. Өлмеген соң соның бәрі қазір ертегі секілді...» - деп еске алыпты.

«Жарымес» операциясы

Жауды жеңу үшін одан айбатың ғана емес, айлаң да асуы керегі соғыс тарихынан белгілі нәрсе ғой. Ол - тұтас армиядан бастап, шағын отряд, жеке жауынгерге дейін ортақ заң. Қасым Қайсеновтің келесі оқиғасында осыған кезекті мәрте көз жеткіземіз.

Киев облысы Ржищев ауданындағы Македон селосында «соғыс тұтқыны» деген жалған құжатпен еркін жүрген кезінде Қасымды комендатураға тексеруге шақырады. Ол сәтті жазушы былай деп жазған екен:

    «Астыртын жұмыста жүрген кезіміз. Аудандық партия комитетінің нұсқауы бойынша соңғы кезде көптеген адамымыз «соғыс тұтқыны» деген жалған документпен селоларда ашық жүретін болып еді. Бірақ немістің әскери комендантынан «соғыс тұтқындары мен келімсек адамдарды тексеру керек» деген бұйрық келді білем, көп кешікпей селоларда, қалаларда жаппай тексеру басталды. Осыны пайдаланып кейбір жергілікті жердің ұлтшылдары бас көтеріп, астыртын жұмыста жүрген орыс жолдастар мен басқа ұлт өкілдерін неміс коменданттарына «саяси сенімсіз» деп көрсете бастады.

    Тексеруде көп адамды «саяси сенімсіз, коммунист, комсомолец, совет активі» деген айыппен атып, асып жатты. Кейбіреулерді «неміс үкіметіне зиянсыз» деп, еркіндікке босатып та жіберді. Еркіндікке босағандар астыртын жұмысқа белсене қатысуға толық мүмкіндік алды».

Сөйтіп, комендатураға барарда аудандық астыртын ұйым мүшелері Попов, Клопов, Дыченко, Абраменко, Олейник, Гаман сынды жолдастарымен ақылдаса келе, онда ешнәрсе түсінбейтін «жарымес» адам болып баратын болып шешеді. Бұл «операция» кітапта:

    «...Өз киімімді шешіп тастап, қырық құрау шалбар, көйлек киіп алып комендатураға жалаң аяқ тартып отырдым. Менің түріме қарап ішек-сілесі қатқанша күлісіп, аман-есен қайтуыма тілектестік білдіріп, Попов пен Клопов екеуі қала берді.

    Май айының аяқ кезі. Күн аптап ыстық, көше бойы шаң. Өзіме-өзім қарап езу тартып та қоямын. Сақал-мұртым, шашым көптен бері алынбай, сиқым адам шошырлықтай болатын. Оның үстіне, шалбарымның балағын жол-жөнекей тізеге дейін түріп алдым да, адам сирек жүретін көшелердің бірінде батпақ кешіп, одан соң шаңы бұрқырап жатқан көшеде біраз жүргеннен кейін тіземе дейін баттасып, әбден келістім.

    Сөйтіп енді есі дұрыс адамға мүлде ұқсамай, көшенің дәл ортасымен келе жатырмын. Кездескен адам өзіме таңдана қарайды. Мен де оларға тоқтап тұрып әдейі қараған боламын. Адам кездеспеген жерде маңайыма ұрлана көз тастап, өзіме-өзім күліп қоямын», - деп жазылыпты.

Алба-жұлба киім киіп, кір-қожалақ кейіпте, жалаңаяқ комендатураға келген Қасымды неміс полицайлары жиіркене қарсы алады. Қойған сұрақтың бәріне жауап бермей, біресе ойнап тұрған патефонға, біресе қабырғаға қарап мелшиіп отыра берген соң полицайлар: «Мынаны саяси қауіпті деп жүрген жұртта ес жоқ. Өзі орыс тілін де білмейді екен, әбден есі ауып кеткен. Ұлты өзбек болу керек», - деп шығарып салады.

Арада екі-үш ай өткенде Ржищев, Переяслав, Мироновка аудандары астыртын ұйымдарының күшімен шағын-шағын екі партизан отряды құрылып, олар орманға кетуі керек болады. Орманға кетпес бұрын жергілікті комендатураларды талқандап, қару жарақтарын алып кету туралы шешім қабылданады. Қасым бастаған топ осы Македон селосының комендантын, 12 полицайын, тілмашын түн ішінде қолға түсіріп, орманға алып кіреді. Таң ата өздері мазақ етіп шығарып салған азиялықты көріп, полицайлар «бұны жарымес деп жүрген біз жарымес екенбіз» деп, өңдері бұзылып кетеді.

Партизан отряды далалық сотының үкімі бойынша жергілікті тұрғындарға тізесін батырған комендант пен оның нөкерлері түгел ату жазасына кесіліп, жер жастанады. Алғашқы тапсырманы орындап шыққан топ Панитов орманындағы 8-партизан отрядына келіп қосылады.

Партизан кегі: Козиндегі қанішер коменданттың көзін жою оқиғасы

Қасымның естеліктерін оқи отырып, оның бойындағы көптеген қасиетке қанық боласың. Соның бірі - қарулас достарына деген құрметі мен жанашырлығы. Оны мына бір оқиғадан анық аңғаруға болады.

Кеңес әскері шегініп, майдан шебі Днепрден шығысқа ұзап кеткен тұста село-қалаларда немістің әскери комендатуралары, жандармдары мен полицайлары ойларына келгенін істей бастайды. Елді тонап, азық-түліктерін тартып алып, майданға, Германияға жөнелтіп жатады. Онымен қоймай, жұмысқа жарамды жергілікті жастарды күшпен Германияға айдатады. Осы тұста Киев облысы Мироновка ауданы Козин селосы комендантының жауыздығы жұрттан асып тұрады. Оған деген кегін, ашу-ызасын партизан жазушы:

    «...Өзінің жауыздық істерімен аты шыққан, фашистке сатылған комендантты Козин селосының, қала берсе бүкіл Мироновка ауданының бесіктегі баласына дейін біледі. Оның село халқына, біздің жауынгерлерге істеген қастығын селодан кездескендер зар илеп айтып тұрады. Әсіресе, Қызыл Армияның саяси қызметкерлерінің бірі Шафраменко Панасты ол жауыздың қалай өлтіргенін күйіне айтады. Ақырғы оғына дейін атысып, ауыр жаралы болған Панасты хал үстінде жатқанда селоға әкеліп кескілеп, адам баласы істемейтін қорлықпен қинап өлтірген.

    Бұл оқиғаны естігеннен бері жолдастардың біреуі «Панас» десе, не «Козин коменданты» десе, менің тұла-бойым мұздап, қолым дірілдеп, сөйлесем булыққан сияқты боламын. Ыза кернеп жүрегім аттай тулайды», - деп жазыпты.

Қасым Панасты өмірде танымайды, бірақ бір Отанды қорғап жүріп ерлікпен қаза тапқан қарулас досы үшін кек алуды өзіне парыз санайды да, қасына Иван Примак, Николай Попов, Виктор, Василий Хлопов сынды сыралғы жолдастарын ертіп, коменданттың көзін жоюға аттанады.

    «...Біз іркілместен аттың басын коменданттікіне бұрдық. Бірақ комендант үйде болмай шықты. Бізді жаратпаған пішінмен, кім екенімізді айыра алмаған коменданттың әйелі біраздан соң коменданттың үйде болатынын айтты. Тосып тұруға уақыт жоқ. Селоның екінші жақ шетіне шыға бергенде күн де ұясына енді, бір нәрсеміз селода ұмыт қалғандай, көңілсіз келе жат- қанда, көзіме қара дохалы, ақ велосипедті біреу ілікті. Ол бізге қарай тура жүріп келеді. Жігіттерге «әне!» деуге ғана шамам келді, арбадан қарғып түстім.

    — Тоқта! Көтер қолыңды! — дедім. Ол велосипедтен түсе салып, қолын жанындағы пистолетіне сала бергенде, дәл шекеден басып салдым. Оның өліміне қарауға уақыт жоқ, қайта арбаға отыра бергенімде аузымнан «Панас!»—деген сөз шығып кетті», - деп жазады бұл жорықты жазушы.

Жау комендантын жалғыз барып жазалаған

Бұл оқиға Кеңес Одағы әскерінің қарымта шабуылы үдеп, Днепрдің сол жағалауына дейін жауды шегіндірген тұсында болса керек. «Қайтпас Қайсар» кітабында ол кезді:

    «Ол кезде партизан құрамасының үлкен бір отрядының командирімін. Совет Армиясы Днепрге жақындағанда біздің құрама осы өзеннің оң жағында, жау тылында жүрген еді. Совет Армиясына қосылу үшін біз Днепрдің сол жағына шығып үлгердік. Сөйтіп, 1943 жылы қыркүйек айының ортасында өзіміздің тұрақты Армиямен кездестік», - деп жазады.

Ал «Жау тылында» кітабында былай деп сипаттайды:

    «Канев атындағы партизан құрамасы Днепр бойында жауынгерлік сапын құрып, жауға қатты соққы берді... Құрама жаудың бір гарнизонындағы бір батальондай әскери бөлімшесін талқандап, Днепрдің оң жақ жағалауына өткені осы еді... Канев қаласының солтүстігіндегі ит мұрыны өткісіз Панитов орманына келіп орналасқан болатынбыз. Бірер күн ес жиып, кейін бұл жақтағы астыртын ұйымдармен байланыс жасап, тиісті барлау мәліметтерін алдық».

Немістер Днепрдің оң жағалауындағы резервте тұрған әскерін сол жағалауға көшіріп, топтастыра бастаған. Бұл төңіректе өз жасағынан айырылған сайын жаудың жергілікті халыққа өшпенділігі өршіп бара жатады. Селолардағы коменданттар, село старосталары «комуниссің», «комсомолсың», «партизансың» деген желеулермен жергілікті халықты атып-асуы көбейіп кеткен шақ. Әсіресе, Мироновка коменданты қаншама жазықсыз адамның қанын мойнына жүктегені жұртқа мәлім болатын. Оның көзін құрту жөніндегі тапсырма Қасым Қайсеновке беріледі. Оны жазушы былай деп келтіреді:

    «Бір күні таңертең құрама штабының бастығы Федор Нагайцев мені шақырып алды да: «Вася, Мироновка комендантын орнынан алып келуді саған тапсырамыз. Талай комендантты орнынан бұйрықсыз-ақ алған едің ғой», — деді әзілдей күліп».

Осылайша әлдебір баскесердің партизандарға қарсы ұрыста ерлік көрсеткені үшін алған құжатын ұсынып, Васяны (тылда жүргенде Қасымды бәрі солай атаған) тапсырмаға жөнелтеді.

Бұл құжатпен ол Мироновка ауданына қарасты Юхно хуторына жетіп, жергілікті старостадан қалаға жеткізіп тастауын талап етеді. Староста бір ауыз сөзге келместен, қасына 14-15 жастағы баланы ертіп, қос атпен жолға шығарып салады.

Тал түсте комендатураға барып, неміс тілін жетік білетінін айтып, хатшы әйелден комендантқа жалғыз кіруге өтініш білдіреді. Ол сәт «Жау тылында»:

    «Мен жоғарыдан ерекше тапсырмамен келіп едім. Неміс тілін жақсы білемін. Жалғыз-ақ кіре беремін. Тек ешкімді кіргізбей тұра тұрыңыз. Панға ерекше жолдамалар тапсырамын,— дедім нығыздана сөйлеп. Сөйтсе де даусым дір ете түскендей болған еді. Жападан жалғыз өзім... Тал түсте зұлым жаумен жағаласқалы келіп тұрмын. Әйтседе әйел оны аңғара қойған жоқ, - деп келеді.

    Кіріп барып, секем алдырмас үшін оң қолын көтеріп, немістерше сәлемдеседі. Келесі сәтте төс қалтасына қолын сала береді. Комендант құжатын көрсеткелі жатыр деп түсінсе керек, отырған орнынан тапжылмай қарап отырады. Осы кезде дыбыссыз пистолетті лезде шығарып, қақ маңдайдан басып қалады. Содан соң қалтасындағы «Чапаев» құрамасы далалық сотының жендетті ату жазасына бұйырған үкімін столдың үстіне жайып кетеді.

    Шығып бара жатып хатшыға: «Пан ешкімді қабылдамаймын деді. Әзірге ешкім кірмесін», - деп есікті нығарлап жабады.

    Ендігі сәтте күдік тудырмау үшін қанша жүрегі тас төбесіне шығып тұрса да, атқа дейін ақырын басып бару керек. Осы сәттегі алай-дүлей болған жай күйін былай сипаттайды:

    «Әттең шіркін, атқа бір жетсем-ау» деймін! Анда-санда артыма ұрлана бір қарап қоямын. Күдікті ешнәрсе көрінбейді. Комендатура алыстаған сайын аяғымды жылдам басамын».

Бұлар қаладан шыға бере артынан полицайлар аспанға мылтық атып, бір-біріне белгі бере бастайды. Сәлден соң қуғыншылардың да қарасы көрінеді. Атқосшы бала екеуі әзер дегенде құтылып, орманға енеді. Бұл - батыр Қасымның қаптаған жау ортасына жалғыз барып, жұртты қақсатқан зұлымның көзін жойған кезекті тапсырмасы еді. Әрине, мұндай қиын тапсырмалар тек таңдаулы партизандарға ғана жүктелетін.

***

Қасым Қайсеновты Украинадан кейін де талай қанды жорықтар, ерлікке толы ұрыстар күтіп тұрған еді. Штаб тапсырмасымен қасына бір ғана жолдасын ертіп, Карпат тауына түсіріледі. Екеуі аз уақытта жергілікті халықтан жасақ құрып, талай-талай қиян-кескі ұрыстар ұйымдастырады. Сан рет ажалмен бетпе-бет келіп, туған елімен, жерімен іштей қоштасады. Бірақ, ешқашан берілуді, не шегінуді ойламайды. Сол үшін де оны командирі «Казахский народ», «Амангельды» деп арқасынан қағатын. Онысы - батылдығын мойындап, мақтан тұтқаны, мақтағаны да!

Елге оралу. Асыл жардың ерлігі.

Жау тылынан шығып, Киевтегі Украинаның партизандар қозғалысы штабы қасындағы демалыс үйінде жатқан Қасымды атақты ақын, партизан отрядының комиссары Жұмағали Саин іздеп барады. Осы бір жүздесу оның тағдырында үлкен өзгеріс әкеледі. Себебі, Қасым Қайсенов соғыстан кейін Украинада қалуға бел байлап жүрген. Осы шешімін естіген Жұмекеңнің өңі бұзылып кетеді. Бұл шешімнің дұрыс еместігін айтып, бірден бетін қайтарып тастайды. Өзі құрмет тұтатын ақынға Қасым да қарсы келе алмайды. Тек, басшылық мені елге жібермейтін шығар деген уәжін айтады. Осыдан соң Жұмағали Саин штабқа, Наркоматқа, тіпті Орталық партия комитетіне дейін барып жүріп, Қасымды босатып алады.

Бір қызығы, Жұмекең Украинаға аттанарда «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында бір қазақ келіншегі жолығып, хатын ала кетуін қиылып сұраған екен. Бірақ, уәделі күні екеуі кездесе алмай қалады. Сол келіншек Қасым Қайсеновтың жары - Асыл анамыз болып шығады. Кейін штабтың Вася деп жүргені осы Қасым екенін білгенде ақын Жұмағали қатты өкініпті. Сол айыбын жуып, Қасымды елге алып келіп, Асыл екеуін қол ұстастырған екен...

Соғыстан кейінгі жылдарда Қасым атамыз жиындарда, отырыстарда партизандардың жорығы, ормандағы өмірі туралы естеліктер айтып жүреді екен. Асыл анамыз зерек, құймақұлақ кісі болса керек, біраз жылдан соң оның естеліктері жұтаңданып, кейбір деректерді, оқиға желістерін ұмыта бастағанын аңғарады. Содан қолқа салып жүріп, қойын дәптеріндегі жазбаларды қайта жаңғыртып, осы «Жау тылында» повесінің жазылуына мұрындық болыпты.

Ал Асыл Қайсенованың Қасымды іздеуі, оның елге оралуына себепкер болуы, одан бөлек ғашықтық хикаялары да бір бөлек әңгіме.

Қасым батырдың бүкіл жорығын тізіп шығу мақала форматына қиғаш. Сондықтан даңқты партизан «Васяның» бүкіл болмысын, ішкі табиғатын, көзсіз ерлігін ашатын бірер оқиғаны ғана іріктеп алдық. Оның бұдан да бөлек жорықтарын оқып отырып, деміңді ішке тартып, қара терге түсесің. Сол оқиғаны басынан кешкен жауынгер қандай күй кешкенін, сол қорқынышты қалай жеңе алғанын ойлап, еріксіз таңғаласың!

 

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT