Ел өміріндегі өзекті мәселелердің бірі – отбасылық зорлық-зомбылық.
Осы бір келеңсіз жайттың алдын алу мақсатында қаншама жұмыстар жүзеге асса да, оны түп тамырымен жоқ қылу бүгінде мүмкін болмай отыр. Апта басында өткен ауқымды іс-шара осы мәселеге арналды. Дәлірек айтсақ, дүйсенбі күні аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудандық ішкі саясат, аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия және «Шаңырақ-2008» қоғамдық бірлестігі бірігіп, «Әйел-зорлық, бала-қорлық көрмесін» тақырыбымен семинар өткізді.
Семинардың модераторлық тізгінін алған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Хамидуллина: - Қазақстан Республикасы конституциясының 14 бабында заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең, тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайтындығы айқын көрсетілген. Десек те, жасыратыны жоқ, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа нәзік жандарымыз көбірек ұшырайды. Әйелдерге қатысты кемсітуді жою мақсатында 2009 жылы 4 желтоқсанда «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Бұл заң мемлекеттік органдарын, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, ұйымдардың және Қазақстан Республикасы азаматтарының тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы жөніндегі қызметінің құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды. Қазақстан Республикасы 1998 жылы 29 маусымда әйелдерге байланысты кемсітудің барлық түрін жою жөнінде БҰҰ конвенциясына қосылып, «Әйелдердің саяси құқықтары туралы», «Тұрмыстағы әйелдің азаматтығы туралы» конвенцияларды бекітті. ҚР Президенті әкімшілігі жанынан «Әйелдер және отбасы істері» жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, мемлекет басшысының тікелей нұсқауымен 1999 жылы 19 ақпанда ҚР ішкі істер Министрлігінде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөлімше жасақталды. Оның негізгі мақсаты – әйелдердің конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін құқыққа қайшы әрекеттерден қорғау, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолдарын кесу болып табылады.
Қолға алынып жатқан жұмыстар аса ауқымды. Соған қарағанда тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткіштері төмендеді деген пайым жасауға болады. Дегенмен, ауданымыздағы көрсеткіштер мәселені айқын көрсетіп береді, -деп жергілікті полиция бөлімшесінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Айнұр Бауыржановаға сөз берді. Әрине, қазіргідей дамыған заманда тіршілік тірегі – әйел теңдігін, табиғатынан қамқорлықты қажет ететін нәзік жандардың құқығын қорғау қай қоғамда болсын, басты мәселе саналады.
Адам құқығы заңмен қорғалады. Соны біле тұра өзгенің ар-намысына тиіп, үстемдік жасауға жол беру тыйылмай келеді. Маман есебіндегі мәліметтерден көргеніміздей, бұл мәселеге қатысты аудандағы ахуал аса мәз емес. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда, ілгерілеушілік байқалмады. Мысалы, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабымен, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер жасағаны үшін 2018 жылдың осы күніне дейін 80 адамға іс-құжат жинақталып, аудандық сотқа жолданған. Жанұя және тұрмыстық жағдайларда болатын құқық бұзушылықтың алдын алуда, жанұя саласында құқық бұзушылықтар жасаған адамға жыл басынан бері 157, акция кезінде 6 қорғау нұсқамасы берілген. Тұрмыстық зорлық-зомбылық дегеніміз отбасының бір мүшесінің екінші мүшесіне немесе бірге тұратын, бірге тұрған жақын туыстарына, бұрынғы күйеуіне, не бұрынғы әйеліне көрсеткен зорлық-зомбылық түрі.
Семинарда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету бөлімшесі директорының міндетін атқарушы Ақзияш Дүйсенғалиева қоғамда белең алған жайсыз оқиғалар және оны сауықтыру мақсатындағы атқарылған жұмыстарға тоқталды.
-Дағдарыс орталығына келетін әйелдердің жағдайымен таныса отырып, көп жайттарға куә болдық. Басты себеп -отбасындағы жанжал, тұрмыс келеңсіздігі, ер азаматтардың ішімдікке әуестігі, бір-бірін жек көрушілік, зәбір көрушіні адамсынбау – кемсіту, күш және қоқан-лоқы көрсету, әйел азаматшалардың ер адам алдында дәрменсіздігі, күн көріс қиындығы, т.б.
Сондай-ақ, маскүнемдік әсерінен өзара ұрыс-керіс, жанжалдың шығуы, тұрмыс қиыншылықтарын дұрыс түсініп бірігіп шешім табу жолын білмеу, ер мен әйел адамдар арасындағы бірін-бірі жек көрушілік сезімінің басым болуы, ердің әйел затына айуандық көзқарасы, моральдық және өзімшілдік сезімінің жоғары болуы, әйелдің ерге заттай тәуелді болуы, әйелдердің өз құқығын дұрыс білмеуінен болатын жағдайлар көптеп кездесіп отыр, - дейді А.Дүйсенғалиева.
Семинар жұмысына қатысқан халықаралық тренер шебері, отбасылық тәрбиелеу психологі Ғани Сұлтанова «Отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу: себеп пен негіз» тақырыбында тренинг жүргізіп, әр отбасында орын алған олқылықтың себебін семинар жұмысына қатысушылармен бірге іздеді. Психолог ұлттық ұлы тағылымды негізге ала отырып, санаға серпіліс беруді ата-бабалар дәстүрінен алуға меңзеді.
Қай халық болмасын, әйел затына ықыласпен қараған. Қазақ халқында әйелдің орны ерекше. Ана деп құрметтеп, қарындас деп еркелетіп отырған. Ер азаматтың тірегі, қамқоршысы болған әйелдер – қамыққанда сүйеу, тарыққанда тіреу, қам көңілге жұбаныш бола білген. Сондықтан да әр отбасында отбасының берекесі, әйел затының қамқоршысы болуы тиіс ерлердің «жұдырыққа емес», Абай атамыз айтқандай, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректің» пәрменімен әрекет қылғаны абзал.
Г.САЛИКОВА.
Сурет Т.АЛМАГҮЛДІКІ.