Майдан мен тыл: бір тағдыр, бір жүрек

Майдан мен тыл: бір тағдыр, бір жүрек
(0 Votes)

Сұм соғыстың салған зардабы талай шаңырақты шайқалтып, отбасыларды ойран қылды. Біреу әкесінен айырылса, бірінің туысы мүгедек болып оралды. Ал, ерлі-зайыпты Махамбет пен Рахила Шохаевтардың сол жылдарда ел үшін еткен ерен еңбегі ел есінде мәңгі жатталуы керек-ақ. Біздің редакцияға келген майдангердің ұлы Жеңіс Махамбетұлы да ата-анасы жайлы біраз шер тарқатты.

Ажал аузынан аман қалған...

Махамбет Шохаев 1900 жылы Жылой өңірінде дүние есігін ашқан. Әкесі Шохай қара шаруа болып, кейіннен колхоздың қара жұмысын атқарды. 1930 жылы Рахила Сүлейменқызымен отау құрып, ел қатарлы жүріп жатты. Неміс фашист басқыншылары тұтқиылдан соғыс ашқанда Шохаевтар отбасының шаңырағын да мұң торлады. Отағасы Махамбет 1942 жылдың қаһарлы қаңтарында қолына қару алып, қан майданға аттанды. №835 атқыштар полкінің құрамына қабылданған ол көп ұзамай сержант атағын иеленіп, бөлімше командирі болып тағайындалады. 23 ақпан күні әскери ант қабылдап, жауынгерлік оқу-жаттығудан өткесін өмірінің ажал мен үміт қатар өрілген киын-қыстау кезеңінің басталғанын сезінді.

Махамбет Шохайұлының майдандағы жауынгерлік жолы жанкешті ерлікке толы. Атына заты сай болып, батыр бабалардың ерлік дәстүрін берік ұстанған жылыойлық жауынгер әрдайым да алдыңғы шептен көрінді. Қол бастаған кіші командир өз бөлімшесін жеңіс жолына жетелеп, небір ауыр ұрыстарда жау оғынан тайсалмай алға ұмтылды. 1942 жылдың 17 мамырында алғаш рет аяғынан жараланса да ұрыс даласын тастап кетпеуі – соның айғағы. 1943 жылғы ақпанда тағы да жарақат алып, сол қолы зақымданды. Қан кешкен жорықтарының ішіндегі ең ауыр күн 1943 жылдың 7 тамызы болды. Басынан контузия алып, оң аяғынан ауыр жараланған жауынгер ажал аузында жатты. Бірақ «Қырық жыл қырғында ажалды өледі» деген рас екен, ауыр жарақаттан тірі қалып, әскери госпитальға жөнелтілді. Ақыры 1945 жылдың 28 маусымында Таштагол аудандық әскери комиссариаты оны әскерге жарамсыз деп таныды.

1946 жылы елге оралған майдангер қолына кетпен алып, бейбіт өмірді қалпына келтіруге белсене араласты. Ауданның ауыл шаруашылығы саласында еселі еңбек етіп, колхозда мал бақты. Бар саналы ғибратты ғұмырын еліміздің жарқын болашағы үшін сарп етті.

Соғыс ардагері Махамбет Шохайұлы бейбіт өмірдің қадірін шынайы білетін жандардың бірі еді. Оның жаны ауыр жарамен, ал жүрегі елге деген шексіз махаббатпен ауыратын. Сол Отанын сүйген үлкен жүрек 1963 жылдың 21 қаңтарында соғысы тоқтады. Бірақ қанмен қорғап, жанымен ұрпақтарына сыйлаған бейбіт өмірі жалғасып жатты. Оның ғұмырнамасы шынайы патриотизмнің мәңгілік үлгісі ретінде ел жадында сақталды.

Әрине, кез келген майданның артындағы тылы мықты болмаса, жауды жеңуі екіталай. Махамбет Шохайұлы сынды ержүрек жауынгерлер ұрандап фашизмге қарсы тұрғанда туған жеріндегі ел-жұрты да жұдырықтай жұмылды. Еңбек майданын ашып, «Бәрі де жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін» деген ұранмен тыным таппай тер төкті. Соның ішінде жылыойлық жауынгердің жан жары Рахила Шохаева да бар еді.

Еңбек майданының батыры

Рахила Сүлейменқызы 1912 жылы Айранкөлде дүниеге келді. Тағдыр оны ерте есейтті – жасынан еңбекке араласты. Ел басына күн туған қиын-қыстау жылдары қара нардай қара жұмыс пен ауыр тұрмысты мойымай көтерді. Колхозда қол күшімен атқарылатын жұмыстың басы-қасында жүрді. Әсіресе, елге аса қажет болған тар табанды теміржол құрылысын жүргізуде еселі еңбек етті. Соғыс жылдары жолдасының орнында қалып, ауылда қой фермасында қойшы болып жұмыс жасады. Таңның атысынан күннің батысына дейін мал соңында жүріп, елдің азығын, тіршілігін қамтамасыз етуге жанын салды. Артынан сиыршы, кейінірек әр түрлі құрылыс жұмыстарына да араласты. Қолынан іс келетін еңбекқор әйел қандай міндет тапсырылса да, абыроймен атқарып шықты. Кейуананың көзін көрген Демеу Ибрашев:

- Ұлы Отан соғысы жылдарында Рахила шешеміз қой-ешкі бағып, сүтін сауып, айран ұйытып, «брензе» басып жүрді. Оны сол кездегі аудан орталығы Қосшағылға сонау Иманқара тауының етегінен түйемен түні бойы жол кезіп жеткізетін. Сол кездегі жас әйелдің жанкештілігі шынымен елге үлгі боларлықтай-ақ,-деп еске алады өз сөзінде.

Бар өмірін бейнетпен өткізген Рахила Шохаева 1967 жылы зейнетке шықты. Тылдағы ерен еңбегі де ескерусіз қалған жоқ. Ол Сталиннің арнайы медалімен, 1978 жылы "Еңбек ардагері" медалімен және Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 40 жылдығына арналған мерекелік медалімен марапатталды. Бұл – ерен ерліктің, тынымсыз төгілген маңдай тердің, ауыл әйелінің адал еңбегіне берілген өлшеусіз баға, ерекше құрмет еді. Ұзақ жылғы еңбектің жемісін татқан ана ақ жаулықты әже атанып, Құдай қосқан қосағының жайылған жапырағын көріп, 1990 жылы дүние салды.

Махамбет пен Рахила Шохаевтар – ХХ ғасырдың аласапыранында бірі жаумен бетпе-бет шайқаста, бірі тылда еңбек етіп, ел мен жердің амандығы үшін жанын беріп, аянбай күш жұмсаған қос тағдыр иесі. Олардың өмірі – шын мәніндегі елге деген қызметтің, адалдық пен сабырдың шынайы көрінісі. Қолына қару ұстап жауға қасқайып қарсы тұрған ердің ерлігі мен ошағын суытпай, ауыл тірлігінің бар ауыртпалығын иығымен көтерген ананың бейнеті бүгінгі бейбіт күнге жеткізді. Майдан даласындағы қасіреттен түскен жүректегі жара мен ауыр естеліктер, тылдағы таңмен таласа тұрып басталған жанкешті тірлік екеуінің де жүрегіне сыз қалдырды. Бірақ сол жараның орнын елге, бала-шағаға, бейбіт күнге деген махаббатпен емдеді. Олар өзгелер секілді атақ-даңқ қумады, мемлекеттен жеңілдік сұрамаған қарапайым жандар еді. Есесіне артында ұмытылмас өнеге, ұрпағына өшпейтін ізгі із қалдырды.

Е.АХМЕТКӘРІМОВ

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT