Биыл дүниені астан-кестен қылып, «күркіреген күндей» боп өте шыққан екінші жаһандық соғыстың да жеңіспен аяқталғанына 80 жыл толуда. Соңы 18-ге енді толып, Отанын, артындағы ел-жұртын қорғау жолында сол бір қанды майданға аттанған қайран әкелер мен ағалар, аталардың ортамызға оралмай қалғаны қанша?
От ортасынан оралуды Алла маңдайына жазған майдангерлердің бірі менің әкем Қадыржанов Сырым Темірқұлұлы болатын. Ол 1924 жылғы 20 қаңтарда қазіргі Айбас ауылдық кеңесінде дүниеге келген еді.
1942 жылы әскер қатарына шақырылып, Чкалов, Орынбор, қаласында екі айлық карантинде, яғни әскери дайындықта болады. Осыдан кейін әкем кіші командирлер дайындайтын 6 айлық полковой школға қабылданған. Аталған мектепті 1943 жылы аяқтап, кіші командир атағын алып шығады. Бұдан әрі әкемнің жорық жолдары басталып, Беларусь елінің бергі шетінен соғысқа түседі. Сол жорықта талай ауыр ұрыстарға қатысқан ол құрамында болған әскери бөлім көптеген елді мекендерді азат еткен. Сол жан беріп-жан алысқан ұрыстармен Смоленск, Киев, Житомир облыстары аумағына дейін жаяу жүріп барғандарын айтып отыратыны есімде қалыпты.
Әкем құрамында болған әскери бөлім 1944 жылы І Украина майданындағы жорық жолдарын ауыр ұрыстармен бастайды. Бір бөлімдегілер бір-бірінің жағдайын біліп болмайтын алапат шайқастардың бірінде әкем қатты жараланып, майдан даласында ұзақ жатып қалады. Шайқас жаудың шегінуімен біткеннен кейін қарулас жолдастары ауыр жаралы оны ұрыс болған жерден тауып алып, тездетіп госпитальға жеткізген. Емделіп шыққан әкемді денсаулығы әскери сапқа қайта қосуға жарамсыз деп тапқан комиссия қалың тылға жіберетіндер қатарына қосады, ІІ топтағы мүгедек деген құжатты қолына беріп, елге қайтарады.
Сол сұрапылда ерлік істері үшін алған марапаттары қолына тимеген немесе мүлдем алынбай қалған майдангерлер аз емес-ті. Әкемнің де Украина майданындағы ұрыстар кезінде көрсеткен ерлік істері елеусіз қалмаған, бірақ наградасы 25 жыл өткесін барып қана, 1970 жылы өзін іздеп тапқан. Ұлы Отан соғысындағы ерліктері үшін «I дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», тағы басқа да жауынгерлік медальдармен марапатталған әкем бейбіт заманда колхоз-совхоздың әртүрлі жұмыстарында тер төкті. Зейнеткерлікке шыққанша Айбас елді мекенінде шаруашылық малшыларын азық-түлікпен қамтамасыз ететін аралас дүкенде сатушылық қызметін абыройлы атқарды.
Соғыстан келген соң, 1946 жылы отбасын құрып, анамыз Шолпан екеуі ұрпақ өсірді. Сөйткен ата-анамыздың 1996 жылы Алтын тойларын атап өтіп, жандарын қуантқанымыз қазір де қаз-қалпында көз алдыма келеді. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 75 жыл толуы сәтінде «Мәңгілік тағзым» атты 2 томдық құжаттар жинағына да есімі енгізілген әкемді Жеңістің осынау торқалы тойы сәтінде де еске алып, рухына тағзым етуді ойладым. Біздің, болашақ ұпақтың да жадында жүрер Жеңіс бұл.
Рысқал ҚАДЫРЖАНОВА,
майдангер қызы