АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Аккенженов жанар-жағармай бағасын мемлекеттік реттеуден бас тартуға қандай себептер түрткі болғанын айтып берді.
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанда еркін экономика құрылуы қажет. Еліміз әлемдегі және аймақтардағы оқиғаларға нақты жауап бере алуы керек. Ал еркін экономикасыз бұл мүмкін емес.
Төмен бағаға инвестиция тарту қиын
− Экономиканың негізінде, әрбір тауарда, әрбір қарым-қатынаста жанар-жағармай үлесі бар. Сол үшін оның бағаларын мемлекеттік реттеуді алып тастауды ұйғардық. Тарихқа қарасақ, бірінші мемлекеттік реттеуді біз 2022 жылы Қаңтар оқиғаларынан кейін енгіздік. Содан кейін 2023 жылы сәуір айында біз бағаларды көтердік. Есіңізде болса, АИ-92 жанармайын 182 теңгеден 205 теңгеге көтердік, дизель бағасын 130 теңгеден 195 теңгеге көтердік. Бағаларды көтерудің себептері көп, ең алдымен нарықта төмен баға болса, ол салаға инвестиция тарту өте қиын. Себебі инвесторлар төмен бағалы нарыққа қаржы салуға құлықсыз. Ал әрбір инвестицияны салғанда оны кері қайтаруды жоспарлайсыз, ал төмен бағалармен ондай мүмкіндік болмайды, − деді Е.Ақкенженов Kazinform агенттігінің Bizdin orta подкастында.
Спикердің айтуынша, мұнай өңдеу үшін оның жаңа кен орындарын ашу керек, барлау жүргізу керек, ал инвестор болмаса, бұл жұмыстарды жүргізу қиын. Зауыттар мен жабдықтар жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Шетелден әкелінетін жабдықтар доллармен есептеледі.
− Ал жанармай бағасы еш көтерілген жоқ, енді өндіріс деңгейін сақтап қалу үшін бағасын арттыруымыз керек. Себебі соңғы 4 жылда елдегі мұнай өндірісі 35 миллионнан 30 миллионға дейін түсті. Ал мұнай өңдеу зауыттары бойынша, керісінше өндіріс деңгейін арттырып келеміз. Биыл 17,9 млн тонна мұнай қайта өңделді, бұл абсолютті рекорд деуге болады. Енді биыл осы деңгейді тағы арттырамыз, − деді министрлік өкілі.
Көрші елдерде жанармай ахуалы қандай?
Вице-министр әлемдік тәжірибе бойынша жалғыз шешім – нарықтық бағаға көшу екенін айтады.
− Өзім жұмыс істеген Англия, Болгария, Румыния, Сингапур елдері де мұндай кезеңнен өтті. Оларда да жанармай бағасын мемлекеттік реттеу болды, бірақ еркін нарық бағасына көшуді ұйғарған. Қытай әріптестеріммен де жиі сөйлесемін, олар коммунистік партия талабын орындайды, халқына әлеуметтік қолдау көрсетеді. Сөйте тұра, Қытай да еркін нарық жолын таңдады. «Қытайда бензин тегін беріледі» деген әлеуметтік желі хабарламалары жалған. Ешбір елде тегін бензин берілмейді, − деді Е.Ақкенженов.
Оның айтуынша, Болгарияда бензин бағасы – 720 теңге, дизель – 750 теңге. Ал халқының табыс көлемі Қазақстанмен шамалас. Көршілес Қырғызстан 95 пайыз мұнай өнімін, Өзбекстан – 50 пайыз мұнай өнімдерін Ресейден алады. Өздерінде мұнай ресурсы жоқ, мұнай өңдеу зауыты жоқ, сол себепті жанармайы қымбат.
− Қырғызстан мен Өзбекстанда тек нарық заңдары ғана бар. Неге десеңіз, Ресейден жеткізілетін мұнай өнімдерінің өзіндік құны бар және жеткізу құны бар. Өзбекстан әлі АИ-80 маркалы бензинді қолданып отыр, біздің нарықта мұндай марка жоқ. Қазір АИ-80 бензинін тек әскер қажеттіліктері үшін ғана өндіреміз. Екіншіден, олар метан газын пайдаланады. Ал бізде метан қолданыста жоқ, оны пайдалануымыз керек деп есептеймін. Осы қыс бізге басқа картина көрсетті, оларға тіпті метан да жетпей жатыр. Сол үшін біздің шекарамызда контрабандалық схемалар көбейді. Тіпті көлденең бұрғылау қондырғысын пайдаланып, құбыр салған, тауарлық атауын басқалай жазып, вагон цистерналарымен елден жанармай әкеткен жағдайлар бар, − деді вице-министр.
Жанармайды қымбаттатудан түскен табыс қайда жұмсалады
Жанармай бағасын қымбаттатудан түскен табыс мұнай-барлау жұмыстарын қайта инвестициялауға және бюджетке жіберіліп отырады. Бағаны көтеру мен инвестиция тарту арқылы қосымша зауыттар ашу, жаңа өндіріс пен жаңа жұмыс орындарын ашу, мұнай өнімдерін экспорттау көзделген.
− Бірақ экспорт алдында өңдеу қуаттылығымызды кеңейту керек. Бірінші жоба – Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын екі есеге – 6 миллионнан 12 миллионға дейін арттыру. Онда жаңа зауыт ашылады, барлық жабдықтар жаңа болады. Әзірше мұнай өнімдері экспорты жабық. Бензин және дизель өнімдері тек ішкі нарыққа ұсынылып отыр, − деп түсіндірді ол.
Жанар-жағармай бағасын қадағалау, реттеу болмайды, бірақ бәрібір мемлекет тарапынан бақылау болады. Бәсекелестікті реттеу және дамыту агенттігі жанар-жағармай станцияларындағы бағаның шектен тыс қымбаттауына жол бермейді. Ал министрлік көтерме бағаларын бақылауда ұстамақ.
− Жанар-жағармай өссе, басқа тауарлар қымбаттамайды деуге болмайды, әрине қымбаттайды, бірақ аса көп өспейді. Шамамен 0,6 пайыздан 0,9 пайызға дейін инфляцияға әсері болуы мүмкін. Бұл аса көп емес. Жанармай бағасы өскенде бюджеттік төлемақылар, еңбекақылар да өседі. Мемлекет тарапынан осындай қолдау көрсетіледі, − деді Ерлан Ақкенженов.
Еске салсақ, үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін ақпан айынан бастап бензин, дизель, сұйытылған газ бағасы өсетіні жарияланды.
Бензин бағасы алғашқы кезеңде 210 теңгеге дейін баруы мүмкін.
Шығыс Қазақстан облысында ақпан айынан бастап сұйытылған газ бағасы өзгереді деп жоспарланған.
Еліміздің Энергетика министрлігі сұйытылған газ бағасын қайта қарау жоспары туралы мәлімдеді. Осы орайда Kazinform тілшісі сарапшыларға жүгініп, бұл өзгерістердің нарық пен ел экономикасына қалай әсер ететінін сұрады.