Доссорлық еріктілер көп балалы отбасыға баспана алып берді

(0 Votes)

Бес баланың анасы Разия өз шаңырағында қазан қайнататынына әлі сене алмай жүр.

“Отағасы Алдаберген инфарктқа шалдығып, бүгінде екінші топтың мүгедегі атанған. Төсек тартып, қимылсыз жатқанына биыл екінші жылға кетіп барады.
Балаларымның үлкені 17 де, кішісі 1 жастан асты. Ортаңғы балаларым мектеп жасында. Басымыздағы баспана апатты жағдайда тұрған еді. Саман тастан салынған үйіміз енді қатты жауын жапса опырылып түсері анық. Бес баламен отырмын, әрі науқас жолдасыма да күтім керек. Жергілікті әкімдікте үй кезегінде тұрмыз. Бірақ, ол кезектің қашан келетіні де белгісіз. Қазіргі кезде тек жәрдемақымен күн көріп отырмыз. Пәтер жалдау үшін де қомақты қаражат керек. Бірақ, біздің кірісіміз күнделікті ас-ауқаттан, дәрі-дәрмектен артылмайды. Енді, міне жерлестерімнің басын біріктірген Талғат Оразалиев бастаған еріктілерге, барлық қазақстандықтардың арқасында баспаналы болып отырмын. Алғыстан басқа айтарым жоқ» дейді Разияның өзі.

img-20200324-wa0036-768x576

Қазақтың ежелгі асарын қайта жаңғыртып жүрген сол ауылдың тұрғыны Талғат Оразалиевке хабарластық.

«Бірде ватсап желісіне ортақ чаттардың бірінен видео келді. Онда осы отбасының тұрып жатқан үйі түсірілген екен. Жолдас жігіттеріме хабарласып, үйді барып көрдік. Отбасымен таныстық. Үйдің отағасы Алдабергеннің жағдайы расымен ауыр. Денесінің бір бөлігі қозғалыстан қалған. Әрі шиеттей балаларымен отырған бұл үй кез келген уақытта құлап қалуы мүмкін. Сондай қайғылы жағдай болып жатса, үйіндінің астында қалатын сәбилердің обалы кімге? Осындай оймен халыққа үндеу жасап, арнайы видео түсірдік.

Басында бізді түсінбей, қаралағандар болды. Бірақ, біздің мақсатымыз, түпкі ниетіміз – қиын жағдайда қалған осы отбасыға баспана алып беру болды. Біз видеоны мүмкін болған барлық интернет – пабликтерге салып жарияладық. Осындай күні-түні жүріп жатқан жұмыстың нәтижесінде он шақты күнде баспана алып беріп отырмыз.

Бір ерекшелігі, бұл отбасыға қарапайым халық тілеулес болып отыр. Халықтың 500 теңге, 1000 теңге, 2000 теңге көлемінде салған ақшасы осындай ірі сумаға жетті. Жақсылықта жарысайықшы» дейді ізгі істің басында жүрген Талғат Оразалиев.


Біз жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған ата-бабаларымыздың тұяғымыз.

«Алланың жолында не жұмсасаңдар да, Алла Тағала міндетті түрде оның орнын толтырады». Бұл қасиетті Құранда айтылған аят. Немесе халқымыздың арасында «Қолы ашықтың жолы ашық» деген керемет сөз бар.

Түйін біреу: біз жақсылық жолында жарысуымыз керек. Зауал да, қасірет те, тіпті, байлық та өткінші. Осындай тасқында адамды адам етіп тұратын бір ғана ерекшелік бар. Ол – адамгершілік. Ендеше, жақсылық жолында жарысайық. Себебі, игі іс тек игіліктерді алып келеді.

atr.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521