Атырауда азаматтардың қозғалысы үшін блок бекет орнатылмайды Атырау облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің орынбасары Жанар Досымбаева «Құрбан айт» мерекесі кезінде Атырау аумағына кіру ережелерін түсіндірді.
- Бірнеше жерде Атырауда Құрбан айт мерекесі кезінде блок бекеттер орнатылады деген жалған ақпарат шықты. Атырау облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы шықты. Онда 31 шілде мен 2 тамыз аралығында ірі қара мен ұсақ малдарды қалаға әкелуге тыйым салынады деп нақты айтылған,- деді Атырау облысының бас санитарлық дәрігерінің орынбасары Жанар Досымбаева.
Қаулыға сәйкес, ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің полиция департаментіне, аумақтық инспекциясына 31 шілде сағат 00.00-ден 02 тамыз сағат 20.00-ге дейін Атырау қаласына кіре берісте мал әкелуге жол бермеу және жолын кесу бойынша бекеттер ұйымдастыру тапсырылды.
- Адамдар мен көлік құралдарының қозғалысына ешқандай шектеулер жоқ. Бірақ шектеу шаралары мереке және демалыс күндері қолданылатынын ескертеміз. Осы орайда, тағы да қайталап өтейін азаматтардың қозғалысы үшін блок бекеттер орнатылмайды, - деді Жанар Досымбаева.