2019 жылы ақпанның 4-іне қараған түнгі елордадағы бір отбасының 5 баласы өрттің салдарынан қаза болған қайғылы оқиғаға 2 жылдың жүзі болды.
Сол күні екеуі де жұмыста болған ата-ана бүгінде алтыншы сәбилерін дүниеге әкеліп үлгерді. Бұрынғылар «жаман айтпай, жақсы жоқ» десе, қазір жаман болмай, жақсы жоқ дейтін заман болды. Бір мәселеге көңіл бөлуіміз үшін міндетті түрде кесапат орын алуы керек пе дерсің?! Мысалы, жоғарыдағы қайғылы жағдайдан кейін аналар бас көтеріп, үкімет көпбалалы аналардың мұң-мұқтажына ден қойды. «Бақытты отбасы», « Нұрлы жер» бағдарламалары көпбалалы отбасылардың баспаналы болуына елеулі ықпалдарын тигізді. Бұрын-соңды болмаған жәрдемақы төленді. 4 балалы аналар көпбалалы болып қалатын болды.
«АЛТЫН АЛҚА» МЕН «КҮМІС АЛҚАҒА» ӨТІНІМ БЕРУДІҢ ТӘРТІБІ
«Елімізде «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері бұдан былай жәрдемақы алу үшін мемлекеттік органдарға жеке жүгінуге мәжбүр болмайды. Егер бұрын «Батыр аналар» бұл үшін халыққа қызмет көрсету орталығына тиісті өтініштер жазса, қазір рәсім жеңілдетілді.
Проактивті қызмет көрсетілу үшін қызметті алушы мобильді азаматтар жүйесіне тіркелген болуы керек. Ол үшін кез келген «Халыққа қызмет көрсету орталығына» барып, ұялы телефон нөмірін тіркетуге болады немесе электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы электронды үкімет порталына кіріп, тіркеуге, сондай-ақ «Telegram-бот» мессенджерінің көмегімен тіркелуге мүмкіндік бар дейді», -«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Атырау облысы бойынша филиалының Мақат аудандық бөлімінің мамандары.
Көпбалалы аналарға жәрдемақы тағайындау үшін тұрғылықты жері бойынша ұсынылатын өтінішке қоса жеке басты куәландыратын құжат (сәйкестендіру үшін) пен көпбалалы ананың «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марпатталғанын немесе бұрын «Батыр ана» атағын алғанын, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталғанын растайтын құжат қажет.
АНАЛАР НЕГЕ АЛҚА АЛА АЛМАЙ ЖҮР?
Статистикаға сүйенсек, ауданымызда қазіргі таңда 207 «Алтын алқа» және 329 «Күміс алқа» игері бар. Аналар мысалы, «Күміс алқа» алу үшін алтыншы балалары 1 жасқа толғаннан кейін өтінім береді. Бірақ құжаттарын тапсыруын тапсырғанымен алқаларын ала алмай жүрген аналардың саны көп. Ал күткен уақыттың ақшасы төленбей, кесірі аналарға тиюде. Доссор кентінің тұрғыны Светлана Демяшева «Күміс алқаға» 2020 жылдың маусым айында құжаттарын тапсырып қойып әлі хабар ала алмай жүргендігін айтады. Батима Құрманалиеваның келіні немересі жас жарымға келгенде ғана алқаға қол жеткізген. Мақат ауданы әкімдігінің Telegram чатында 29 желтоқсан күні Айжамал есімді азаматша былтырғы наурыздан бері хабар күтіп жүргенін айтса, Сәнді Теңелбай атты тіркелуші өзіне тиесілі алқасын 2019 жылдың қазанынан 2020 жылдың қарашасына дейін күткендігін жазған. Бір қызығы аналардың көбі алқа қолдарына тимеген уақыттың жәрдемақысы төленбейтіндігін білмейді. Баланың дүниеге келуін асыға күткен аналар неге тиесілі марапаттарын сарғая күтеді? Мәселе карантинде ме, әлде басқада ма? Бұл сұрақтың жауабын білу үшін құзырлы органдардың есігін тоздырдық.
Мақат кенті бойынша «Алтын алқа» және «Күміс алқаға» тапсырушылардан құжат қабылдауға жауапты маман Данияр Төкешовтың айтуынша, олар қабылданған құжаттарды үлгерсе сол күні, үлгермесе келесі күні аудан әкімі аппаратының кадр қызметі бөліміне жібереді. «Кент пен аудан әкімінің қолы қойылғаннан кейін құжаттар облысқа кетеді. Облыстағылар тексеріп болғаннан кейін Президент әкімшілігіне жіберіледі. Қай жерде қанша уақыт тұрып қалғандығын тексеретін бізде база жоқ. Президент қол қойғаннан кейін ғана қайта бізге келеді», - дейді Мақат кенті әкімі аппаратының жетекші маманы.
Аталған тақырып бойынша Мақат аудандық әкімі аппараты кадр қызметі бөлімінің басшысы Лена Жексенғалиеваның да жауабы осындай болды. «Біз де құжаттарды облысқа жібергеннен кейін ол қанша уақыт айналатынына жауап бере алмаймыз. Өзім осы қызметке келгеніме көп болған жоқ. Тек арыздардың бірнешеу болып жиналуын күтуімізбен ғана уақыт өтуі мүмкін», - дейді ол.
Толықтай газетіміздің №3 санынан оқи аласыз!
А. Есжан
Сурет: ашық дереккөз