Шартарапқа аты жайылған Ерік әнші

(0 Votes)

«Ерік бір ғана халықтың перзенті болса да, оның әншілік миссиясы отанынан шығып, таулардан асып, мұхиттардан өтіп, бүкіл әлемнің алабын аралап кетті, атағы шартарапқа жайылды». Бұл - Маржан Ершудің  Ерік Құрманғалиев туралы кітабын жазу жолындағы алғашқы байламды ойы, жазылар еңбегінің темірқазығы болатын.

Аудандық мәдениет үйінде ақын, драматург, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершудың «Феномен: Ерік Құрманғалиев» атты кітабының тұсаукесері өтті.

img_9436

Кездесудің әлқиссасын табиғи таланты арқылы күллі әлемге теңдесі жоқ даралықпен танылған Ерік Құрманғалиевтен бастасақ деген тілегін құп алған кеш жүргізушісі жоғары санатты шебер ұстаз Марияш Сатимова кітапты жазу тарихына тоқтала кетуін сұрады.

Бәрі де мақаттық танымал қаламгер Мақсат Тәжімұрат басшылық ететін «Астана» журналына барып, тапсырма алуымнан басталды деген Маржан тақырыпқа келу, таңдау себебін әңгімелеп берді.

img_9403

Шындығында, әуелі тақырыпты қозғай алмай біраз жүріп қалады да, уақыт өте келе, ол шырқаған опералық туындыларды тыңдай бастайды. Сонда да, қаламы аса құлшыныс таныта қоймаған екен. Арада үш-төрт ай өткен соң ақынның түсіне енеді. Ұйқыдан шошып оянған ақын қыз жаны байыз таппай, енді оның әлемге әйгілі шығармаларын орындау шеберлігіне тәнті болып, бірнеше сағат қатарынан тыңдауына тура келеді. Сөйтіп,  Ерік Құрманғалиевтің шырқау шеберлігіне тәнтілігі күшейіп, оны Ерік туған топыраққа, Жылой өңіріне алып келеді.

Айналып келгенде, Еріктің ешкімге ұқсамайтын даралығы секілді, бір тылсым күш Ерік Құрманғалиевтің еңбегін жан-жақты зерттеп, қалам тартуға жетектей береді.

Ежелгі Италияның сонау  XVII-XVIII ғасырдағы өнер саласындағы дауыс ерекшелігіне маңыз беруіне дейін зерделей түскен Маржан ақын оны да қалың тыңдарманға әсерлі әңгіме етті.

Аталған елде  ұл баланың әсем дауысын мәңгілікке сақтау үшін жантүршігерлік әдіспен болашағын құрбандыққа шалған екен. Ал, Еріктің даусы сол бір қайталанбас дара дауыс санатынан.

«Қазақтың маңдайына біткен дара тұлғаның өмір жолында кездескен талай қиындықтың болғанын бірі білсе, бірі білмейді» дейді кітап авторы. «Мен Еріктің әкесі Сәлімнің қарындасы Раиса Құрманғалиева апайдың отбасымен таныстым. Үлкен кісілер Ерікті ешкім іздемегеніне, жоқтаусыз қалғанына іштей ренішті сияқты. Басында ашылып сөйлемеді. Мені де онша қабылдай қоймаған сыңайлы.Тағы да келерсің, көрерміз деп шығарып салды. Мен оларға Ерік туралы жазған «Талант трагедиясы» атты көлемді мақалам жарияланған «Астана» журналын тастап кеткен едім. Тағы бірде Алматыға барғанымда, ол кісілер маған: «Сен Ерікті көрдің бе? Оның өмірінің қиын болғанын сен қайдан білесің? Мақалаңда тап білетін адамдай жазыпсың» деді. Мен Ерікті өмірімде көрмегенімді, тек түсіме енгенін, содан кейін Еріктің өмірін зерттей бастағанымды айттым. Мен ақындық интуицияға сенем. Менің ішкі түйсігім Еріктің тағдырын танытып, таразылап жатса, бұл менің ақындық табиғатымнан шығар деп ойлаймын» деп еске алды М.Ершу.

Осылайша тыңдарманын еліте түскен автор бір сәт әңгімесін үзіп, кітаптың тұсаукесер рәсімін жасауды  жергілікті азаматтарға ұсынды.

img_9425

Сахнаға көтерілген жергілікті өлкетанушы ауданның құрметті азаматы Орақ Деңгелбаев Маржан Ершудің  туындысына жоғары баға беріп, шығармашылық табыс тіледі.

Кездесу кешінде  Маржан Ершу ақындыққа келу жолы, өнер жолындағы жанашырлары, әуелі әкесі Аманқос Ершуов,  ақын, халық жазушысы Фариза Оңғарсынова, қоғам қайраткерлері Иманғали Тасмағанбетов туралы ыстық ықыласқа толы естелігімен бөлісті. 

Композитор Болат Қоқамановпен  бірлесе жазған «Атырау-арман» атты әні бүгінде  көпшіліктің сүйіп тыңдайтын туындысына айналып қана қоймай,  Атырау қаласының әнұранына айналғандығы шындық. Сахнада жергілікті әнші Б.Мұхамбетжановтың орындауында  «Атырау-арманы» әні шырқалып, көптің қошеметіне бөленді.

Бұл әнге ерекше тоқталудың өз жөні бар. Бұл өлең айналасы екі-үш күннің ішінде өмірге келгенімен, ақынға «Жыл ақыны», «жыл адамы» атауын ала келген еді.

Елімізге біткен жарық жұлдызды таныту миссиясы барысында  өзінің «Пырақ» атты жыр жинағынан бірнеше өлеңін оқып, жырсүйер, қазақтың мәдениеті мен өнерін дәріптеген тыңдарманына рухани нәр сыйлады.

Ақын кездесу соңын кіндік қаны тамған аулы Ақкиізтоғайына арнаған өлеңімен аяқтады.

Г.ЕСМЫРЗАҚЫЗЫ,

суретті түсірген А.ТАУМҰРЫНОВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT