Бүгін ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгереева аудан төрінде болып, «Сіңіліге сыр...» тақырыбында ауданның нәзік жандыларымен сырласты.
Ақ Жайықтың алирикалыққ шағаласы, әсіресе, қазақ қызына тән болмыс, төл өнерді сақтау хақында ой өрбітті. Аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған кеште ақын алдымен патриоттық -лирикалық өлеңдерін оқыды. Сөз зергері қатысушылармен емен-жарқын әңгімелесіп, өзінің өмір белестерімен бөлісті.
Ұрпақ және қыз тәрбиесіне қатысты ой қозғады. Ақ жайықтың ақ шағаласы кеш барысында шығармашылық жолындағы ұлттық өнер, отбасы құндылығы, қазақ қызының тәрбиесі тақырыптарын кеңінен талқылады. Аруларды инабаттылыққа, салт-дәстүрді берік ұстануға шықырды. Әрбір айтқан ой толғамдарын жақұт жырларымен толықтырып отырды.
Кеш барысында ақынның аттасы аудандағы Хамза Санбаев атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақұштап Бақтыгереева сахна төріне көтеріліп, өзінің толғанысын жасырмай ақынның құрметіне қойылған есімімен мақтанып, ақ тілегін жеткізді. Кездесу барысында көрермендер танымал қаламгерге көкейкесті сұрақтарын қойып, мардымды жауап алды.
Жиын соңында сөз алған аудан әкімі Шәкір Кейкінұлы мәртебелі мейманға ризашылығын білдіріп, "Мақат ауданына 95 жыл" мерекелік төс белгісін табыстап, гүл шоқтарын ұсынды.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Суреттер автордікі