Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) Атырау облыстық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында өңір басшысы ҚР Президенті, ҚХА Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерейтойлық медалін аймақ тұрғындарына табыстады, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Марапат ел бірлігін нығайтуға, бейбітшілік пен келісімді сақтауға, рухани мәдениетті дамытуға үлес қосып жүрген азаматтарға арналды. Олардың қатарында – Атырау облысының ҚХА ардагерлері мен мүшелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері, ҚХА хатшылығы мен «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері, Ассамблея құрылымдарының мүшелері бар. Сонымен қатар «Ассамблея жастары» ұйымының өкілдері мен жоғары оқу орындарының оқытушылары да назардан тыс қалмады.
Отырыста облыс әкімі Серік Шәпкенов Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті қамтамасыз ететін маңызды құрылым екенін атап өтті.
– Осы отыз жылда Ассамблея еліміздің қоғамдық-саяси жүйесінің ажырамас бөлігіне айналып, конституциялық мәртебеге ие болды және Парламентте өкілдік ету құқығын алды. Өңіріміздегі этномәдени бірлестіктердің болуы – біз үшін үлкен мақтаныш. Олар ұлтаралық келісім мен бірлікті нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келеді. Бірлескен еңбегіміздің арқасында өңірдегі барлық этностардың мәдени мұрасын сақтау мен дамытуға бағытталған көптеген маңызды бастамаларды жүзеге асырдық. Бұл мерейтой – аса маңызды кезең, біз болашақ ұрпақ үшін еліміздегі бейбітшілік пен бірлікті сақтауға бар күшімізді салуымыз қажет.
Біздің міндетіміз – әрбір азаматқа тең құқық пен мүмкіндік беру, қоғамдағы келісім мен ынтымақтастықты дамыту, – деді Серік Шәпкенов.
Мерейлі датаға орай өңірде 50-ден астам ірі іс-шара өткізу жоспарлануда. Олардың қатарында ғылыми-тәжірибелік конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинарлар және қоғамдық бастамалар бар. Атап айтқанда, «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Салауатты сана», «Қазақтану» жобалары, қазақ классик ақындарының шығармашылығын насихаттау шаралары, «Ассамблея жастары» көшбасшылар мектебі, спорттық фестиваль, Ассамблеяның 30 жылдығына арналған ғылыми-сараптамалық топ жұмысы, «Жомарт жан» орталығы және этномедиаторлардың түрлі форматтағы іс-шаралары ұйымдастырылады.
Қазіргі таңда Атырау облысында 18 этномәдени бірлестік жұмыс істейді.


