Бүгін орталық стадионда Мақат кен орнының 110 жылдығына орай бұқаралық спортты дамыту мақсатында муайтайдан облыстық ашық біріншілік ұйымдастырылды.
Салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімінің міндетін атқарушы Әсел Шайзадақызы құттықтау сөз сөйлеп, облыстық муайтай спортының бапкері Мейрам Галиевке аудан әкімінің атынан Алғыс хат пен дәстүрлі шапан табыс етті.
Сондай-ақ облыстық спорт басқармасының өкілдері мен арнайы шақырылған қонақтар да аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Жарыс барысында бірнеше тартысты жекпе-жектер өтті. Атап айтар болсақ, 63,5 кг салмақта атыраулық Богдан Полуфутников алматылық Дамир Илимдарды 3:0 есебімен жеңді.
Ал әйелдер арасында әлем және Азия чемпионы Аида Хайрулинна жерлесі Ақмарал Шәмшидинованы 3:2 есебімен ұтып шықты.
Сонымен қатар +91 кг салмақта Сайын Нұрхан техникалық жеңіспен алматылық Төлебек Мәдиді айқын басымдылықпен жеңді.
Сондай-ақ жастар арасында жеті дүркін Қазақстан чемпионы Арсен Бисенбай қарсыласы Бақтияр Исмағанбетовті нокаутпен ұтты.
Ал 54 кг салмақта Шамиль Құрбанов қостанайлық Нұрқадір Шәріпбайды тізе бүктірді.
Кештің басты жекпе-жегінде жерлесіміз Әбіл Галиев қырғызстандық Абдулло Хайжорджанұлын жеңіп, арнайы кубок пен 1 миллион теңге иеленді.
Жарысқа қатысқан барлық спортшыларға қаржылай сыйлықтар табыс етілді.
Аталмыш дода муайтай спортының өңірде кең қанат жайып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Жергілікті спортшылардың табысы жас ұрпаққа үлгі болып, облыста бұқаралық спортты дамытуға серпін беретіні сөзсіз.
Ж.Қамза
Сурет автордікі