Жылыой орталық аудандық ауруханасы жаңа жедел жәрдем көлігін алды

(0 Votes)

Жылыой орталық аудандық ауруханасының автопаркі «Теңізшевройл» (ТШО) компаниясының бизнес-серіктесі демеушілік қолдауы аясында сатып алған жаңа жедел жәрдем көлігімен толықты.

Жаңа арнайы жедел жәрдем көлігі шалғай ауылдық округтердегі көлік тапшылығын азайтуға және аудан тұрғындарына дер кезінде медициналық көмек көрсетуге септігін тигізеді. Бұған дейін ТШО-ның көпжылдық бизнес-серіктестерінің бірі Құлсары қаласындағы Отбасыны қолдау орталығына жаңа шағын автобус табыстаған болатын.

Toyota Hiace маркалы бұл жаңа көлік алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажетті барлық жабдықтармен қамтылған — оттегі беру жүйесімен, өкпені жасанды желдету аппаратымен, дефибриллятормен жабдықталған.

— Жылыой ауданы халқының саны жыл сайын артып келеді, соған сай жаңа медициналық көлікке деген сұраныс та өсуде. Әсіресе шалғай елді мекендерде жедел жәрдем көлігінің тапшылығы қатты сезілді. Бұл көлік ауылдық округтердегі шұғыл жәрдем көрсету жүйесін айтарлықтай күшейтеді деп сенеміз, — деді ТШО-ның Жылыой ауданындағы ресми өкілі Нұрлан Ерғалиев.

Жаңа жедел жәрдем көлігі ауыл тұрғындарының өтініштеріне жедел әрекет етуге және пациенттерді дәрігерге дейінгі кезеңде жайлы әрі толық жабдықталған жағдайда тасымалдауға мүмкіндік береді. Былтыр ТШО Жылыой ОАА-ға осындай алты жедел жәрдем көлігін табыстап, олар шұғыл шақыртулар кезінде өз тиімділігін дәлелдеді.

Автокөліктен бөлек, 2024 жылы «Теңізшевройл» Жылыой орталық аудандық ауруханасына айтарлықтай демеушілік қолдау көрсетті. Медицина мекемесіне жалпы құны 53 млн теңгеден асатын, жапон өндірісінен шыққан күйік шалған науқастарға арналған заманауи реанимациялық кереует табысталды. Мұндай жоғары технологиялы жабдық ең ауыр жағдайдағы науқастарға мамандандырылған көмек көрсетуге мүмкіндік беріп, сауығып кету ықтималдығын арттырады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT