Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2030» стратегиялық даму бағдарламасындағы халқына Жолдауында «Қазақстанның әрбір азаматының денсаулғы мықты, хал-ахуалы жақсы болуы тиіс» деп атап көрсеткен болатын.
М.Баймұханов атындағы орта мектебінде «Есірткісіз болашақ» атты іс-шара өтті. Шараның мақсаты – оқушылардың зиянды әдеттерден аулақ болып, саналы, білімді, дені сау қайратты болуға шақыру. Елін, жерін қорғайтын ата-ананы, үлкен-кішіні сыйлай білетін нағыз ұлтжанды азамат болуына ықпал ету.
Шараға мектеп директоры міндетін уақытша атқарушы А.Таумуринова, дәрігер-нарколог Т.Дәулетов, фельдшер нарколог Л.Наукенбаева, орталық аурухана психологі Ж.Баймағамбетова, мұғалімдер мен жоғары сынып оқушылары қатысты.
Сөз кезегін алған дәрігер-нарколог Т.Дәулетов жастарға дәл қазір адамзат ұрпағына төніп тұрған нашақорлық кеселінің пайда болуын, оның қоғамға, адамдарға тигізіп отырған зардаптары, есірткі заттарының, ішімдік ішу мен темекі тартудың, нашақорлықтың жас ағзаға тигізер зиянды әсері, өкінішке ұрындырар, келешек өмірлеріне келтірер кесапаты туралы түсіндірді.
Жалпы аудан бойынша 100 адам наркологиялық есепте тұр. Оның 72-і маскүнемдікпен болса, нашақорлар есебінде 28 адам тұр.
Орталық аурухана дәрігері Ж.Баймағамбетова нашақорлыққа қарсы 10 себепті атап өтіп, оқушылармен тренинг өткізді. Тренингте күнделікті өмірде, мектепте есірткі ұсынып, шылым шегуге апаратын әрекеттер кездескен жағдайда кімге жүгіну керектігі жөнінде қатысушылардың ойларын білді. Мұндай олқылықтар кездескен жағдайда мектеп психологі мен ата-аналардың ақыл-кеңестеріне жүгіну керектігін айтып кетті.
Сондай-ақ, мектеп оқушылары дайындаған нашақордың бастан кешкен оқиғасы жөнінде көрініс қойылып, өлең-жолдарын арнады.
Іс-шараны қорытындылаған А.Таумуринова оқушыларды зиянды әдеттерден бойларын аулақ ұстауға, нашақорлық ауруынан сақтануға шақырды.
Оқушыларға тақырыпқа сай брошюра мен жадынамалар таратылды.
А.МАСАТҚЫЗЫ
Cуреттер автордікі