Жүрек жұмысының бұзылуы, оның алдын алу. Биыл елімізде осы тақырыпта алғаш рет апталық ұйымдастырылды. Дәрігерлердің мұндай бастаманы қолға алуына жүрегі ауыратын жандар санының көбеюі себеп. Бұл іс-шараға Мақат аудандық ауруханасының мамандары да белсенді ат салысып, науқастарға барынша көмек көрсетті.
Мамандар адам демігіп, жөтел қысса және дем алған кезде ысқырық секілді дыбыс шықса, дереу дәрігерге көрінген жөн дейді. Қазіргі кезде Мақат аудандық және Доссор селолық ауруханасында тұрғындарды аптасына екі рет кардиолог қабылдайды. Олар өздерінің алдына күніне жүрегі мазалайтын 20-ға жуық адам келетінін айтады.
«Бұл апталықтың негізгі себебі осы созылмалы жүрек жетіспеушілігімен диспансерлік есепте тұратын науқастарға аурудың симтоматикалық белгілерін, аурудың алдын алу, қалай емделу, оның клиникалық белгілері қандай екендігі жөнінде түсіндіру. Созылмалы жүрек жеткіліксіздігінің жалпы белгілері ентігу, аяқта ісіктің пайда болуы, тез шаршау. Осы белгілері бар науқастар арнайы кабинетке келіп, кеңес алып, өздерінің ішіп жүрген дәрілерінің мөлшерлерін анықтап, корекция жасатуға толық жағдай жасалған»,- дейді аудандық аурухананың кардиолог дәрігері Рыскүл Тайшекенова.
Мақат ауданында қазіргі кезде жүрек, қан тамырлары ауруына шалдыққан 2 жарым мыңнан астам адам есепте тұр. Соның 50-ге жуығына жүрек ырғағының бұзылуы диагнозы қойылған. Олар арнайы кабинетке келіп, дәрігерден кеңес алып тұрады. Және тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген.
М.ІЗТҰРҒАНОВА