Теориядан тәжірибеге: Атырауда жасанды интеллект білім беру жүйесін қалай өзгертуде

Теориядан тәжірибеге: Атырауда жасанды интеллект білім беру жүйесін қалай өзгертуде
(0 Votes)

Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект мүмкіндіктерін барынша пайдалану туралы айтқан болатын. Осыған орай, Атырау мұнай және газ университетінде Digital Week аясында «Білім беру жүйесіне жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Шараға оқытушылар, бизнес өкілдері және халықаралық сарапшылар қатысты. Негізгі мақсат — бұған дейін фантастика болып көрінген технологиялардың оқу процесінің күнделікті бөлігіне қалай айналып жатқанына талдау жасау.

Университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Ринат Искаков өз сөзінде жасанды интеллект тек инженерлік шешімдерге ғана емес, оқыту әдістемесіне де ықпал етіп жатқанын атап өтті.

 «Біздің мақсатымыз — түлектердің теорияны меңгеріп қана қоймай, болашақ мамандығының негізіне айналатын цифрлық құралдарды да еркін қолдана алуы», — деді ол.

Дөңгелек үстелде Ресейдің «Иннополис» университетімен әріптестікке ерекше назар аударылды. Еске салсақ, тамыз айында Татарстан мұнай-газ химия форумы аясында Атырау мұнай және газ университеті мен Иннополис стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойған болатын. Құжат аясында Атырауда жасанды интеллект зертханасы ашылады. Бұл зертханада студенттер IT, робототехника, нейрожелілер бойынша білім алып, халықаралық стандарттарға сай зерттеулер жүргізе алады.

Кездесуде жасанды интеллектті жедел енгізуге байланысты тәуекелдер мен қауіптер де талқыланды. «KazRobotics» білім беру және спорттық робототехника федерациясының Атырау филиалының басшысы, JasUp жобасының менеджері Асқар Алдан нейрожелілердің әрдайым нақты жауап бермейтінін, кейде шындыққа жанаспайтын ақпарат ұсынуы мүмкін екенін атап өтті.

 «Заманауи технологияларға 100% сенуге болмайды. Сондықтан алынған деректерді мұқият тексеріп, технологияны жауапкершілікпен қолдану мәдениетін қалыптастыру қажет», — деді ол.

Айта кетейік, JasUp жобасы «Теңізшевройл» компаниясының әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында Атырау облысында жүзеге асырылып жатыр. Жоба мектеп оқушыларын STEM (ғылым, технология, инженерия және математика) саласына тартуға бағытталған. Негізгі мақсаты — жастардың инновациялық әлеуетін ашу және олардың болашақ кәсіби бағытын анықтауға көмектесу.

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT