Бүгін еліміздегі білім ордаларында соңғы қоңырау салтанаты өтіп, түлектер алтын ұяларымен қоштасты. Бұл мереке аудандағы білім ошақтарында да салтанатты түрде атап өтілді.
Талай қыранды қанаттандырып, талай ұландарды ұясынан ұшырған Х.Санбаев атындағы орта білім беретін мектепте "Құлақтан үнің кетпестей, Сыңғырла күміс қоңырау" атты салтанатты кеші болып өтті. Аталмыш жиынға аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Б.Сәрсен, білім беру бөлімінің әдіскері Т.Төлеубаева, ардагер ұстаз Т.Байғұршимов және мектеп директоры Ж.Тажибаев қатысып, бітіруші түлектерге ыстық ықыласын білдіріп, сәт сапар тіледі.
Ерекше күнде түлектердің қуанышына ортақтасып келген салтанатты жиынның құрметті қонағы аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Болатбек Амандықұлы бітіруші түлектерге ізгі тілегін білдіріп, дарынды, білімді оқушыларды аудан әкімінің арнайы алғыс хатымен марапаттады.
Осы жылы аталмыш білім ұясын 50 оқушы тәмәмдап отыр. Оның ішінде, 6 түлек үздік аттестатқа үміткер. Білім ордасында түрлі деңгейдегі білім, спорт, өнер додаларында алтыннан алқа тағып, аудандық, пәндік олимпиадалардың жеңімпазы атанып, мектеп абыройын асқақтатып жүрген дарынды шәкірттер де бар. Түлеп ұшқалы тұрған түлектердің барлығы үлкен додаларда бақ сынап, оза шапқандар, әр түрлі байқаулардың, олимпиадалардың жеңімпазы. Талантты да талапты, дарынды да білімді өрендер. Оның ішінде, спорт шебері атағын алған оқушыларда бар. Мектеп басшысы осындай айтулы сәтте мектеп абыройын асқақтатып жүрген шәкірттерді, республикалық олимпиадаларда дарындылығымен көзген түскен оқушыларды марапаттады. Және оқу жылы бойынша үздіктердің жетістіктерін атап, оқу озаттарына мақтау қағазын табыстады.
Жүректері лүпіл қаққан, қимастық пен қуаныш, аңсау мен арман сезімдері араласқан осынау сәтте, бала шақтан болашаққа қадам басқалы тұрған жас түлектер "Аманат" сөзін 10-сынып оқушыларына табыстады. Соңғы қоңырау соғу салтанаты 11 сынып оқушылары мен 1 сынып оқушыларына тапсырылды. Әрі қарай, салтанатты шара түлектердің өнерлерімен жалғасты. Ата-аналар ұстаздарға ақ жарма тілектерін арнап, шәкірттер ұстаздарына алғыс білдірді. Жылдың қорытындысы саналатын соңғы қоңырау кеші түлектердің қоштасу вальсімен аяқталды.
А.Жұмабергенқызы,
Суреттер автордікі