Қашықтықтан оқытуға көшті

(0 Votes)

«Аты жаман» ауру тарағалы түрлі шаралар қолға алынып жатыр. Барлығы бүтіндей елдің қамы үшін іске асырылуда. Биліктің басты мақсаты мемлекетті инфекциядан аман алып қалу болса, оның ішінде жарқын болашақ иелерінің денсаулығына баса мән беріп отыр.

16 наурыздан бастап елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты білім алушылардың, қызметкерлер мен педагогтардың өмірі мен денсаулығын қамтамасыз ету мақсатында Мақат мұнай және газ технологиялық колледжі қашықтан оқытуға толық көшті. Бүгінгі күні колледж студенттері Classroom жүйесі бойынша қашықтықтан оқытылуда. Қашықтықтан оқытумен барлық 210 студент қамтылған. Олар ғаламтор арқылы білім алады. Барлық дәрістер электронды форматта қолжетімді. Білім беру порталдарында видеодәрістер, оқу-әдістемелік кешендер, тест жұмыстары, слайд, оқулықтар орналасқан. Бұл жүйе мұғалімдерге оқушылардың сабаққа қатысуын бақылауға мүмкіндік береді. Оқытушылар студенттермен Telegram қосымшасы арқылы кері байланыс жасайды. Ал, студенттер үй жұмысын оқытушыларға gmail.com электрондық поштасы арқылы жібереді. Барлық сабақтар бекітілген кестеге сәйкес толық көлемде өткізіледі.

«Сабақты қашықтықтан ғаламтор арқылы оқып жүрміз. Оқытушыларымыз жаңа тақырып пен тапсырмаларды сонда салады, біз 24 сағаттың ішінде түсінгенімізді өз сөзімізбен Word бағдарламасында жазып, орындаған үй жұмысымызды электронды пошта арқылы мұғалімдерге жібереміз. Бірақ телефонмен жазған соң, теріп отыру оңай болмай тұр. Әрине оффлайн оқығанға жетпейді екен»,- дейді колледж студенттері.

Бүгінде аталған оқу орынның жатақханасы бос тұр. Барлық студенттерге түсінік жұмыстары жүргізіліп, студенттер өз үйлеріне жіберілді. Қазіргі таңда жатақханада санитарлық-гигиеналық жұмыстар жүргізілуде.

Колледж басшылығы қазіргі жағдайды толық бақылауда ұстап отыр. Әрине, студенттер мен қызметкерлердің денсаулығы мен қауіпсіздігі бүгінгі таңдағы ең маңызды басымдық болып табылатыны сөзсіз.

М.ІЗТҰРҒАНОВА

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT