"Атырауда жазғы мектеп өз жұмысын 26 мамырда бастап кетті" деп хабарлайды ATPress.kz.
Жазғы мектепке жалпы 25 мыңнан астам оқушы барады деп жоспарланып отыр. 1-8 және 10 сынып оқушылары 26 мамырда қабылданды. Әр білім беру ұйымдары оқушыларға арнайы бағдарламалар дайындап, жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Атырау облысы білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Дүйсекенованың айтуынша, жазғы мектепке ниет білдірушілер үшін ерікті түрде жұмыстар ұйымдастырылуда.
«Биылғы жазғы мектептердің ерекшелігі оқу бағдарламасы ыңғайлы кесте бойынша қызықты форматта өтеді. Мысалы, сабақтар музейлерде, таза ауада өткізіліп, әртүрлі экскурсиялар ұйымдастырылады. Жазғы мектептегі сабақтар сыныптағы оқушылар санына қарамастан өткізіледі. Оқушыларға үй тапсырмалары берілмейді. Мектепке еркін түрде баруға болады», дейді А.Дүйсекенова.
Айта кетейік, жазғы мектептер 17 маусымға дейін жұмыс істейді.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА