Төрткүл дүниенің төбе шашын тік тұрғызған террактілердің адамзатқа салған азабы аз емес. "Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде" деп білетін атам қазақ әуелден-ақ әр нәрсенің алдын ала білген. Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Мақат ауданының терроризмге қарсы комиссиясының ұйымдастыруымен жиын өткізілді.
Семинарға ауданның мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысып, қауіпсіздік төңірегіндегі келелі ойлар мен танымды ақпаратқа қанықты. Басқосуда алдымен комиссияның атқаратын қызметтері таныстырылды. Комиссия хатшысы Г.Жаконованың айтуынша, бұл ұжымның мойнына жүктеген міндеті ауыр.
Семинар барысында әрбір мектеп ұжымында экстремизм және терроризм идеологиясының алдын алуға бағытталған іс-шараларды жетілдіру, оқушылармен, ата-аналармен тығыз байланыста жұмыс атқару жолында ақпараттық-танымдық, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мәселен, барлық мектептерде аталмыш комиссиямен жұмыс жүргізетін жетекші маман әр айдың белгілі бір күнін терроризмнің алдын алу күні ретінде белгілеп, іс-шара өткізу керектігі айтылды.
"Қазір төрт жүз мыңға ұялы телефон алсаңыз да, қандай сайтқа кіріп жатырсыз, кімге не жіберіп жатырсыз, барлығы бақылауда. Арнаулы «кибершоп» бағдарламасы арқылы қай мектептің баласы не істеп жатырғанын біліп, тиісті шараларын атқарып жатыр. Тыйым салынған сайтқа кіріп отырған оқушылар көп болмаса да, біздің мектептерде де бар. Оларды ертеңгі күні жоғары оқу орнына түсуші үміткер кезінде әккілер өз құрығына түсіріп алады. Сөйтіп, жоғары оқу орнында оларға ықпал етушілер де табыла қояды деді Гүлсара Жаконова.
Келелі жиында кибер шабуыл жөнінде де әңгіме өрбіді. Дамыған елдерде қарулы әскерден бөлек, хакерлерге қарсы кибер әскер қалыптасқан. Аталған тақырып төңірегінде жиналыстағыларға арнайы бейнеролик көрсетіліп, әр маман компьютер қолдануда да сауатты болу керектігі ескертілді.
А.САДЫКОВ
Сурет автордан