Мақат ауданының терроризмге қарсы комиссиясы аппаратының ұйымдастыруымен өткен кезекті жиын аудан жастарымен өтті. «Ұрпақ тәрбиесі» және «Болашақ тірегі - жастарда» атты семинарда жастар арасында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ұлттық сананы қалыптастыру және қазіргі уақытта өзекті мәселеге айналған деструктивті діни ағымдардан сақтану, экстремизм мен терроризм идеологиясының алдын алуға бағытталған алғы шарттарды түсіндіру мақсат етілді.
Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен семинарға Мақат ауданының бас имамы Біләл Сүндетқожаұлы мен Атырау қаласының «Шапағат» қоғамдық қорының теолог маманы Мухиддин Асқарұлы қатысып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Бас имам асыл дініміздегі жастардың рөлі жоғары екенін тіліне тиек етіп, жас шағында тарих төрінен орын алған тұлғаларға тоқталды. Қасиетті құран аяттары мен пайғамбарымыздың хадис шарифтерінен сусындатқан ол текті бабаларымыздың жауһар жырларынан да үзінді келтірді. "Ғалымдар "Уақыт деген бейне бір қылыш секілді. Сен оны үзіп түспесең, ол сені үзіп түседі" дейді. Өміріміздің ең маңызды шағы да осы жастық шағымыз. "Жасында қайтары болмағанның, қартайғанда айтары болмайды" деп дана халқымыз бекер айтпаған. Сондықтан ең қуатты шақтарыңызды білім алуға жұмсаңыздар. Еліміздің ертеңі сендерсіңдер",-деп аудан жастарын жігерлендірді Б.Сағындықов.
Бір кездері Ақтөбе облысында имандық қызмет етіп, бүгінде теолог маман ретінде облысымыздың түкпір-түкпірінде дәріс өткізіп жүрген Мухиддин Асқарұлы ауданымыздың бас имамы Біләл Сүндетқожаұлының сыныптасы екен. Сарыағаш ауданынан түлеген қос сыныптастың басы бірнеше жылдан кейін біздің ауданда қайта тоғысты. "Бұл өмірде сіз бен біздің өмірімізден артық ештеңе құнды емес",-деп өз сөзін бастаған теолог қазіргі адамдар арасындағы мәміленің азайып кеткендігін атап өтті.
Теолог маман көп адам біле бермейтін 453, 490-шы баптар жөнінде де кеңінен тоқталды. "Қазір Атырау қаласындағы Ақпараттық талдау орталығы Республика бойынша желіні бақылауда бірінші орында тұр. Мәселен, 2019 жылы болған оқиғаны айтайын. Төрт айда Атырауға сырт мемлекеттерден екі жарым миллион діни уағыз түседі екен. Ал, облыстық имамдар бір жылда 37 уағыз шығарып үлгерген. Тенденция қалай болып жатқанын өздеріңіз біле беріңіздер",-деді сыртқы күштердің ықпалының зор екеніне алаңдаушылық білдірген маман.
Мухиддин Асқарұлының айтуынша, Атырауда біздің бүкіл әлеуметтік желідегі іс-қимылымызды бақылайтын программа бар екен. Тіпті сонау 2002 жылғы бөліскен постыңыз заңға қайшы болатын болса, сол үшін сізге ескерту келеді. Артынша айыппұл, оған бағынбасаңыз, темір торға тоғытылуыңыз әбден мүмкін. Білгеніміздей, Мүфтият рұқсат берген уағызшылардың да уағыз насихатын бөлісуге, керек десеңіз "лайк" басуға болмайды. Бөлісем деп, қоғамнан бөліну қаупіне ұшырап қаласыз. Бұл әрекеттерді тек арнайы рұқсаты бар діни қызметкерлер ғана орындай алады екен.
Жиын барысында жастар өздерінің көкейтесті сұрақтарына жауап алып, уақытын бөліп келген мамандарға алғысын білдірді.
А.САДЫКОВ
Суреттер автордан