Махамбет ауданының Махамбет ауылы мен Жылыой ауданының Шоқпартоғай ауылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай өткізілген республикалық «Үздік 30 ауыл» жобасында үздіктер қатарынан көрінді.
Қос ауыл еліміз бойынша әр өңірдегі болашағы зор елді мекендер арасынан озық шығып, «Үздік 30 ауыл» анықтамалық кітабына енді, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
-Ауыл – қазақтың қазығы, алтын бесігі. Ал жобаның мақсаты – сол үздік ауылдарды анықтап, өзгелерге үлгі ету, ауылын көркейтуге үлес қосып жүрген азаматтарды дәріптеу, сол арқылы кәсіпкерлердің, жастардың назарын туған ауылға бұру, дейді жоба авторы, «Тұлға-достық» қоғамдық қорының директоры Мұратхан Шоқан.
Ол бұл еңбегінде туған жерге туын тігіп, ауылға жанашырлық танытқан азаматтарды өскелең ұрпаққа өнеге етіп, жастардың ауылға деген теріс пікірін түзетуді мақсат еткен. Сапалы әрі тұшымды дүние жазып шығу үшін автор 1 ай үздіксіз ауыл-аймақты аралаған. Сондай-ақ, алдағы уақытта бұл еңбектің жалғасы болатынын айтты.
«Үздік 30 ауыл» жобасына енген 13 мыңнан астам тұрғыны бар Махамбет ауылында 19-ға жуық өзге ұлт өкілі тұрады. 3 орта мектеп, 1 саз мектебі, 2 спорт мектебі, 5 балабақша, 1 емхана мен аурухана, орталық және балалар кітапханасы, жаңадан салынған мұражай, сәулетті мәдениет үйі және мешіт бар. 2007 жылдан бастап ипотекалық әдіспен 80 үй бөлек мөлтек аудан ретінде бой көтерді. Барлық үйлер мен мекемелер түгелге жуық табиғи газ желісіне қосылған. Ауылда 3 сауда үйі, 3 жанар-жағармай құю стансасы халыққа қызмет көрсетіп отыр. Егін және мал шаруашылығымен айналысатын 12 шаруа қожалығы бар.
Ал Жылыой ауданында қарасты Шоқпартоғай ауылында 3100-ден астам тұрғын бар. 58 шаруа қожалығы тіркелген. 1 балабақша, 1 мектеп, 1 емхана мен спорт мектебі жұмыс істеп тұр.
«Үздік 30 ауыл» анықтамалық кітабына қос ауылдың тарихы, тыныс-тіршілігі, білім, спорт, денсаулық, мәдениет саласы мен әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы, шағын және орта кәсіпкерліктің өркендеуі және ауылдан шыққан танымал тұлғалар туралы мағлұматтар енгізілген.