«Ризық» қоры ауданымыздағы көпбалалы анаға баспана сыйлады

(0 Votes)

Ақпан айының алғашқы күні көпбалалы ана Тойған Молдағалиев үшін ерекше қуанышпен басталды. Ол қуаныш қайырымды жандар көмегінің нәтижесі еді.

Жеңіс Жұмабаев пен Тойған Молдағалиева 4 бала өсіріп отырған жанұя. Отағасы өкпе ауруына шалдыққан 3 топ мүгедегі, денсаулығына байланысты кейбір жұмыстарға жарай бермейді. Әйелі де уақытша жұмыстармен ғана табыс табады. Ертеректе салынған саман үйлері күннен-күнге тұруға жарамсыз боп бара жатырған-тын.

Осы жағдайы туралы баяндаған Тойған Молдағалиева: «Өзім кешкі уақытта балаларымды тастап даяшылыққа шығып тұрамын. Негізгі кіріс көзіміз балалардың жәрдемақысы. Жаңбырлы күні үйіміздің төбесінен су ағады, от жаққанда газдың исі таралады. Баспаналы болуыма қазақ жұртынан көмек сұраймын», - деп қаңтар айында әлеуметтік желілерде үйін көрсетіп, видеоүндеу жариялаған болатын.

Кейін сол видео Атырауда жаңадан құрылған «Ризық» қорының назарына ілінген. Сол кезде қор өкілдері құрамындағы блогерлермен келіп үйдің жағдайымен танысты. Мәселенің расымен қиын екендігіне көз жеткізген олар кәсіби видео түсіріп, арнайы жинақ ашады. Ғаламтордың құдіретімен мейірімді жандар қажетті сумманы бірнеше күнде-ақ жинап берді. Көп ұзамай талаптарына сай баспана да табыла қояды. Алдын ала ескертпеген «Ризық» қорының жігіттері аптаның сейсенбісінде мұқтаж отбасыға күтпеген жерден үйдің кілтін табыстады.

«Төрт баламның несібесіне бұйырғаны шығар. Біз үшін ерекше тосын сый болды. Барлықтарыңызға алғыс білдіремін», - деген жас ана қуаныштың көз жасына ерік берді.

whatsapp-image-2022-02-03-at-11_34_46

Ал баспананың бұрынғы иесі Ләззат Сыдықованың:

«Бұл үйді кешегі күнге дейін жас отбасы жалдап тұрып жатыр еді. Сату туралы мүлде ойым болған жоқ. Ержан деген сыныптасым үй іздеп жүрген жігіттердің хабарландыруы туралы айтты. Көруге келген олар бірден үйді ұнатып, баға бойынша ортақ келісімге келдік. Мұқтаж отбасыға алынатынын білгенде қуанып кеттім. 2017-ші жылы ғана салынған осы шаңырақпен байланысты біраз тәтті естеліктеріміз бар. Жаңадан қоныстанушыларға біздің жолымызды берсін», - деп айтқанынан-ақ «сабақты ине сәтімен» бола қалғандығын аңғарамыз.

«Жақсылыққа ортақтассаң көбейеді» дегендей, қайырымдылық қорының мүшелері жаңа қонысына көшіп келушілердің қуанышында  туыстарының, ескі және жаңа көршілерінің сондай-ақ басқа да игі іске үлес қосқан ауыл азаматтарының басын қосты.

«Достар болып құрған қорымыздың мақсаты Атыраудағы аз қамтылған отбасылар мен мүгедектерді әлеуметтік желіге шығарып, жинақ арқылы ақша жинау. Бұрын біз еріктілер болып әр түрлі көмектер көресететін едік. Бұл «Ризық» қоры ретінде алғашқы атқарған ісіміз, яғни Тойған апамызға беріліп тұрғаны - бірінші үйіміз. Жайдарманшы Бексұлтан ініміздің көмегімен 3 күннің ішінде 7,5 млн теңгені жинадық. Алдағы мақсатымыз ай сайын екі пәтерден беріп тұру. Біздің эмблемамыздың өзі «Ризық» қоры Қазақстанды түгелдей үймен қамтамасыз еткісі келеді деген мағына береді», - дейді жоспарларымен бөліскен қайырымдылық қорының директоры Асхат Өмірзақ.

Жігіттердің аз уақытта бір игі іс атқарып үлгеруіне қолдағы барын берген қарапайым халықтың қолдауымен қатар облысымыздағы кәсіпкерлердің үлесі зор. «Shoq doner» тез тағам дайындайтын орны тоңазытқыш сыйласа, «Сүйінші» отбасылық халал мейрамханасы мен «Бурмонтажгрупп» ЖШС  ұжымы үйге төселген кілемдерді беріп жіберді және «Islamshop» діни дүкені өздерінің артынан сыйлық тапсырған. Осының барлығы мұқтаж жанұяның мұңын естіген жандардың ешқайсысы шетте қалмағандығының, немқұрайлы болмағандығының белгісіндей.

Иә, «көп түкірсе көл, көп біріксе қол» деп тегіннен-тегін айтылмаса керек. Елімізде қанша қор құрылып, қанша жинақ ашылса да барлығы көздеген мақсат-мұратына қол жеткізді. Ауданымыздың өзінде мұнай мекемесі мен жергілікті жұрттың өзі-ақ әлеуметтік осал топтағы отбасыларға баспана сыйлап тұратыны бар. Енді міне облыс халқының игілігі үшін аянбайтын қайырымды жандардың басы бір арнаға бірігуде. «Әр қазақ баспаналы болсын» деген ұранды желеу еткен олардың  істері ел болып қолдауды қажет етеді. Себебі айналамызға зер салып қарасақ басқа мәселесін айтпағанда жылы қонысы жоқ қандастарымыз, жерлестеріміз қаншама?! Әсіресе нағыз демография үлес қосатын жасында жүрген жас отбасылардың пәтерден-пәтерге көшіп сабылып жүргені  елдігімізге сын. Талай қиындықты көрген қазақ Алла бұйыртса 20 млн, 30 млн да болар. Бірақ халық санымен қатар кедейлердің саны артпаса екен.

                                                                                                   А . Жұмабекұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521