Менің атамның медресесінде Бекет ата білім алған...

(0 Votes)

Тәу етер жалғыз киеміз - тәуелсіздіктің мәні де маңызы да зор. Тарихымыз түгенделіп, тіліміз бен дінімізге қайта қауышып жатқан тұсымызда жырақта жүрген қандастарымыз да ата мекеніне орала бастады.

"Өзге жерде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол",-деп байырғы мекеніне байрағын желбіреткенді жөн көрген бір топ зиялы қауым өкілдері мен спортшылар, мәдениет майталмандары лег-легімен қазақ даласына ағыла бастады. Бүгінде жырақта дүниеге келсе де, мұнайлы мекеннің түтінін түтетіп, жоғын түгендеп жүрген жандар аз емес. Солардың бірі - Мақат балалар, жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Әмірхан Джугинисов.  

Әмірхан Толыбайұлы 1980-ші жылы Өзбекстанның Қарақалпақстан республикасы, Нөкіс қаласында дүниеге келген екен. 1986 жылы Ә.Қосыбайұлы атындағы №18 орта мектеп табалдырығын аттап, білім нәрімен сусындады. "Көпшілігі менің балалық шағым өткен мекеннің хал-ахуалын қазіргі құрылыс саласында жүрген қарақалпақтарға қарап бағамдап жатады. Тап соларға қарап көзқарас қалыптастыру - қате нәрсе. Жалпы, ол жақта да жағдайымыз жаман болмады. Алайда, ұлтқа деген сүйіспеншілік бойымыздан табылған соң, бұл жаққа бүйрегіміз бұрып-ақ тұрды. Еңбек ете білген адам қай жерде жүрсе де дегеніне жетеді ғой",-дейді ол.  

Бүгінде білдей бір ұжымға басшылық жасап отырған Әмірханның арғы аталары да осал болмады. Өзі Төре тұқымынан тараған. "Аталарымыз Жошыдан өрбіген ақсүйектер, Хиуа, Хорезмде билік құрған Шерғазы хан, Назар хан Жанғазы хан деген хандар болған. Шерғазы ханның медресесі болған. Тіпті сол медресе де әйгілі Бекет ата ілім-білімін жетілдірген. Ленин бастағандар революция жасап патша үкіметін биліктен ығыстырған жылдары біздің атамызды да қудалап, мал-жандығын тартып алып, "халық жауы" деп атаған",-деп сыр шертті текті аталарын тебірене есіне түсіріп.

medresse

(Шерғазы ханның медресесі)

Қазақстанға қоныс аударып, Қарақия ауданы Жетібай ауылындағы №8-ші мектепте дене тәрбиесінің мұғалімі болып екі жылдай еңбек еткен. Өзінің мамандығы бойынша жаттықтырушы боп жұмыс жасағысы келген Әмірханға Мақат кенті құшағын айқара ашты. "2008-ші жылы Мұрат Құсайынов ағайымыз жаттықтырушы етіп жұмысқа қабылдады. Жұмыс жасай жүріп, қосымша Л.Шахатов атындағы орта мектепте еңбек еттім. Өте керемет ұжым. 2008-ден 2019-ға дейін еркін күрестен жаттықтырушы болдым. Бірнеше жүздеген бала көз алдымызда жетілді. Сол кездегі шәкірттерімнің кейбірі қазір қасымда жаттықтырушы. Қазақстанның жүлдегерлері мен спартакиада да топ жарған таланттарымыз да шықты бұл мектептен. Жалпы Мақат - құтты мекен. Адамдары қарапайым, өте әділ келеді. Кейде біреулер сырттан келіп, Мақатқа жұмыс жасаудан қорқып жатады. Өз басым, Аллаға шүкір деймін. Осы жерде үш ұлым, бір қызым дүниеге келді. Ауылға бара қалсақ Мақатты сағындық деп кеткісі келіп тұрад",-дейді тәлімгер. 

Мереке қарсаңында сан шәкіртке Әмірхан ағай болып танылған кейіпкеріміздің жылы лебізіне құлақ түрдік. "Тыныш, бейбіт өмірде күн кешіп жатқанымызға мың шүкіршілік етуіміз керек. Әрбір Қазақстан азаматы өзінің елі үшін, жері үшін аянбай тер төгіп, тәуелсіздігіміздің қадіріне жете білуі керек. Боламын дегеннің белін буып, бар жағдайын жасап жатыр ғой. Шүкір, басқа жақтағыдай соғыс болып жатқан жоқ. «Отан отбасынан басталады» демекші, әр адам ұрпағына бала кезінен елі мен жеріне адал қызмет етуді сіңіріп өсіруі ләзім.

Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!"


А.САДЫКОВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT