Ата-бабамыздың арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген тәуелсіздігіміздің кім-кімге де берері мол. Еліміз санаулы жылдардың ішінде әлемдік аренада алпауыт елдермен иық тіресіп, жаңаша серпіліспен болашаққа бет түзеді. Бүгінде дамудың даңғыл жолына түскен тәуелсіз мемлекетіміздің әр тұрғынына өзіне қажетті деген дүниенің барлығы қолжетімді.Талайлармен тәжірибе алмасып, көрген-білгенімді туған өлкемнің өсіп-өркендеуі жолына қолдансам деп шекара асып, шет елдерді уақытша қоныс етіп жүрген жандар да жетерлік. Осындай жанның бірі бүгінде Түркияның Стамбул қаласында кәсібін өрге дөңгелетіп жүрген Дастан Есжанов.
Дастан 1992 жылы Алматы қаласында дүниеге келіп, 1999 жылы Мақат кентіндегі Х.Санбаев атындағы орта мектеп табалдырығын аттаған. Сұхбатымыздың басында "Айсұлу апайымыз тақтаға жазып тұрып-ақ, Дастан тыныш отыр деп",-даусымыздан танып қалушы еді ғой",-деп өткен күндерін көз алдына бір жүгіртіп өтті кейіпкеріміз. Ол- Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің түлегі. 2011-ші жылы еңбек жолын Қаржы Министрлігінен бастаған Дастан кейіннен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде, Жоғарғы сотта, ІІМ-де қызмет атқарған. "Мемлекеттік қызметте 2015-ші жылға дейін еңбек еттім. Содан соң шет ел мекемелерінде заңгер болып кеңес бердім.
2019 жылдың тамыз айында Стамбулға келдік. Бүгінде өзіміздің "Aya moda" атты интернет дүкеніміз бар"-дейді ол. Кәсіпкерлікке бет бұрған кейіпкеріміз Түркиядағы 700-ден астам фабрика, дүкендермен келісім-шарт жасасып үлгерген. Айтуынша, түрік ағайындарымыздың тауарларын елімізге өз бағасымен жөнелтіп отырады екен.
Бүгінде туған өлкесінен жырақта жүрген жерлесіміз: " Еліңе ісіңмен пайда келтірмесең, "Отан" деп құр айқайға басқанның қажеті қанша?. Текті қазақ боп туылған соң заман талабына көндігіп, көштен қалмайын, ел-жер таниын деп шет елге уақытша қоныс аудардық. Алыста жүрсек те, ойымыздан Отанымыз, ағайындарымыз еш ажыраған емес, елді сағынамыз",-дейді.
Сұлулығымен көзді арбаған Стамбул шаһарында қазақтар өте көп кездеседі екен. Барлығы бір атаның баласындай араласып, бір-біріне қонаққа барып, қолғабыс болып отыратынын жасырмайды. "Өз еліңді қаншалықты сүйетініңді, қаншалықты ұлтжанды екеніңді сырт мемлекеттерге шыққанда, байқайды екенсің. Кезінде жоғарғы оқу орнында бір профессордың айтқан сөзі бар еді : "ұлтшыл болмаңдар, ұлтжанды болыңдар"-деген. Қазақтың тағдырына жазғаны азап болды, ашаршылықтан бастап, сұм соғысқа дейін көрдік. Ортамыздың асылдарынан, сүт бетіндегі қаймақтарынан айырылдық. Тарихтың зарын көрдік, ол замандар өтті. Енді алдағы уақытта тек ұмтылыс, жығылғанға - қолғабыс, шапқанға - ілесу керек. Өзім секілді замандастарыма: «талпыныңдар, ұмтылыңдар, белестерді бағындырыңдар, халқыңа қызмет қылыңдар» дегім келеді. Құдай қаласа, ел көріп, жер көріп, басқа мемлекеттерден тәлім алып, Абай атамыз айтқандай, батысқа да, шығысқа да қарайтын ой бар. Бұйыртса, қамал бұзар қырық жасымызда Отанға оралып, сол алған білімім мен жинаған тәжірибемді елімнің игілігіне жаратсам деймін. Не десек те, "Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас!"
А.САДЫКОВ