«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Жапония астанасы Токиода өтетін Жазғы Олимпиада және паралимпиада ойындарына жолдама жеңіп алған атыраулық спортшылар – Дениз Жансель, Нұрлан Домбаев пен Ержан Сәлімгереевті қабылдап, алдағы аламанда ақ жол тіледі»,- деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Спортшылармен кездесуде Атырау облысының әкімі спорттан әлемдік аламанға лицензия алу мен қатысудың өзі үлкен жетістік екенін атап өтті.
«Нұрлан, Ержан және Жансельді Токио Олимпиадасына жолдама алуларымен шын жүректен құттықтаймын! Жалпы, Тәуелсіздіктің отыз жылында жерлестеріміз жазғы Олимпиада ойындарынан екі медаль еншіледі. 2008 жылы Пекин Олимпиадасында таеквондошы Арман Чилманов қола, ал 2016 жылы Рио Олимпиадасында ауыр атлетіміз Ниджат Рахимов алтын алып, чемпион атанды. Бұл тек Атырау ғана емес, Қазақстан үшін зор мәртебе болды. Сіздер де сол жеңісті жолды жалғастырып, жеңіл барып, ауыр қайтатындарыңызға сенемін!»,-деді облыс басшысы Махамбет Досмұхамбетов.
Сонымен қатар, облыс әкімі спортшыларымыздың бабы келісіп, бағы жануында бапкерлердің де еңбегі зор екеніне тоқталып, арнайы алғысын білдірді. Өз кезегінде жолдама алған спортшылар құрмет пен сенім білдіргені үшін облыс басшысына ризашылықтарын жеткізді. Алматыда дайындалып жатқан Дениз Жансель карантин талаптарына сәйкес келе алмай, кездесуге онлайн қатысты. Нұрлан Домбаевтың жеке жаттықтырушысы Асан Касаевтың айтуынша, спортшылар өздеріне артылған үкілі үмітті сөзбен емес, іспен дәлелдеуге барын салады. Кездесу соңында спортшылар мен олардың бапкерлеріне аймақ басшысының Алғыс хаты мен қаржылай сертификаттар табыс етілді.
Айта кетейік, Атырау облысы бойынша Токиода өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына таеквондошы Дениз Жансель, ал, паралимпиадаға паратаеквондошы, екі дүркін Әлем чемпионы Нұрлан Домбаев пен паражүзуден Ержан Сәлімгереев жолдама алды.