Етік тігіп, ел алғысына бөленген жан

(0 Votes)

Ауданымызда еңбегі ерге бергісіз нәзік жандылар бар. Олардың нағыз істің адамы екенін бір көргеннен-ақ аңғару қиынға соқпайды.

37 жастағы шебердің етікшілік кәсіппен айналысып жүргеніне 17 жылдың жүзі болған.                                                                                                                    

Мақат ауданының тұрғыны Гүлдана Хауашева қара бояу, біз бен қайрақсыз отыра алмайды. Танауына желімнің иісі келмесе, көңілі толмайды. Себебі, ол - етікші. Ризығын кәсіптен тауып, іскерлігімен ел алғысына бөленумен келеді.

Гүлдана Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында дүниеге келген. Ал, балалық шағы Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданында өткен. 2002 жылы тұрмыс құрып, осы жылдан бері ауданымыздың келіні атанды. 

                              etikshi-2                             

Шебер сүйікті ісімен 2006 жылы айналыса бастаған. Бірінші құралын алып үйреніп, үйден айналыса бастайды. Ол кезде баласы кішкентай болғандықтан, іспен үйден айналысу оңайырақ болған. Кейін ұлы есейгесін, 2010 жылдан бастап жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, базардан дүңгіршек жалға алып, ісін жалғастырады. Одан әрі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан несие алады. Осы қаражатқа жеке дүңгіршек алып, қосымша құрал-саймандарын жаңғыртады. Алғашында бұл істің табысы да мардымсыз болды. Етікшінің әйел екенін көргендер іркіліп қалатын. Сапалы қызмет көрсеткен соң, оған қайта айналып келетіндер көбейді.                      

«Бала кезімнен осы салаға қызығушылығым болды. 7-8 сынып оқып жүрген де кроссовкалар жаңадан шығып жатырған кез болатын. Сіңілімнің аяқ киімдері тез тозатын. Түгелдей өзім ауыстырып, тігетінмін. Кішкентайымнан бала болып, қуыршақ ойнаған қыз емеспін. Гаражда ойнап, осындай жұмыстармен айналысатынмын, өйткені ұнайтын. Арғы ата-бабаларымның арасында етікші болғандар бар. Мендегі осы іске құштарлық мүмкін, сол кісілерден дарыған болар»,- дейді шебер.

Кәсібінің нәсібін көріп отырған жиырма жылға жуық уақытта шамамен тапсырыс жазып, 10 қалың дәптерді толтырған екен. Сұраныс көп. Осыдан-ақ мыңнан аса аяқ киімді жөндегенін аңғаруға болады. Қолының ебі мен ісінің тиянақтылығының арқасында етікші қиындықтарға қарамастан, өз мақсатына аяқ басуда. «Қуықтай» ғана дүңгіршекте күніне өңі кеткен кем дегенде бес, көп дегенде отызға жуық аяқ киімді жөндеуге тапсырыс түседі. Гүлдана тапсырысқа сай етікті жамап, тақасын қағып, сырмасын тағады. Бояп, жаңалайды. Ол үшін күш-қайрат, темірдей төзімділік пен ептілік қажет. Осының өзінен бұл іспен айналысу әйел адамдары үшін қиын іс екенін аңғаруға болады.

etikshi-3

«Жұмыстың оңайы жоқ. Шаршайтын, денсаулығым сыр беретін кездер болады. Дегенмен де отбасым көмектеседі. Осы істі жолдасымның қолдауымен бастадым. Әлі де қолдау танытып, қолғабыс етеді. Үйде де кішігірім шеберханам бар. Кешкі уақытта үйдегі тірлікті бітірген соң шеберханамда жұмысымды әрі қарай жалғастырамын. Кейде түн жарымға дейін отыратын кездерім болады. Өйткені тапсырысты уақытында орындап, тұтынушыларымның сенімін ақтау керекпін. Барынша үлгеруге тырысамын»,- дейді Гүлдана.       

Шебердің айтуынша, ол түрлі мемлекеттік бағдарламалардың көмегіне де жиі арқа сүйейді. Былтыр «Жаспроджект» жобасына қатысып, қайтарымсыз қаражатқа ие болып, құралдарын алған. Бұл күні Гүлдана етік тікпей, бос отыра алмайды. Себебі, киер киім, ішер ас, басына баспана - осы еңбектің арқасында келді. Арқалаған алғысы да мол. Етікші әйел үшін өзгелердің ризашылық ілтипатынан артық сый жоқ. «Кәсіп түбі – нәсіп» деген, сірә, осы болар.

М.ІЗТҰРҒАНОВА

Cуреттер автордікі

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT