“Қару мен қалам” оқырманға жол тартты

(0 Votes)

Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада публицист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жұмабай Доспановтың «Қару мен қалам» атты кітабының тұсаукесері өтті. Іс-шараны Қазақстан Жазушылар одағының Атырау облысындағы өкілі, ақын Әлия Дәулетбаева жүргізіп, Жұмабай Доспановтың қаламгерлік болмысына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, ел руханиятына еңбегімен елеулі із қалдырып жүрген қаламгердің бұл жинағы – майданның қақ ортасында жүріп, азаматтық сөзін жоғалтпаған қазақ жауынгерлерінің жан әлемін ашатын, рухани салмағы зор кітап.

Облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов кітаптың тарихи маңызын ерекше атап өтті. Ол бұл еңбектің жас буынға бағдар болатын, елдік жадыны толықтыратын бірегей туынды екенін айтты. Зиялы қауым өкілдері – Мәдина Ғабдісәлімова, Аққали Ахметов, Төлеген Жаңабаев, профессор Шахман Нағымов, жазушы әрі меценат Жалғасқали Дүтмағанбетов еңбектің мазмұны мен автордың ізденісін ерекше бағалап, ақ тілектерін жолдады.

Кітаптың лентасын қоғам қайраткері Қатимолла Ризуанов пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов кесіп, оқырманға жол ашты.

Кеш соңында автор Жұмабай Доспанов: «Бұл кітап – майдан даласында қалған үндердің жаңғырығы. Бірі оқ құшса да, бірі Отанға оралған олардың есімі ел тарихында елеусіз қалмауға тиіс. Егер осы еңбек бір жастың жүрегінде тарихқа деген құрметтің шоғын жақса, еңбегімнің өтеуі – сол»-деп, барша кітапсүйер оқырманға зор ризашылығын білдірді.

Еркеназ ҚАЛИЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT