Қос егіздің анасы

(3 Votes)

Ару көктемнің алғашқы күндері нәзік жандылардың мерекесінен бастау алғасын ба, наурыз кірісімен жан-жағымыз  бейне бір гүлге оранғандай айналаға ерекше жылулық орнайды.

Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеп үлгеретін аяулы аналар мен тіршілікке нәр беріп жүрген қаракөз қыздарымыздың қадірі белгілі бір күннің шеңберінде ғана емес,  қашан да жоғары. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміздің өмір жолы тіптен қызық, Һәм көпке үлгі. Себебі ол екі дара қызынан бөлек, қос бірдей егіздің анасы.

1976 жылы ақпанның алтыншы жұлдызында дүние есігін ашқан Гульфайрус Қайдарқызы қасиетті Қызылқоға өңірінің тумасы. Мұнайлы Мақаттың ақ босағасын Нұрлан атты азаматымен отасып, 2001 жылы келін боп аттағаннан, қара шаңырақтың "отымен кіріп күлімен шығып жүрген" мақтаулы жан. Жалпы, Бәйгетөбе жұртшылығына егіз деген ұғым ана бір қатты таңсық дүние емес. Ал, бұл жанұяда бір емес, екі бірдей егіз дүниеге келген. «Келін енесінің топырағынан жаратылады» демекші, әулеттің алтын діңгегі Нұрсұлу әжей де 15 баланы өсірген алтын құрсақты ана.

Қазіргі таңда Бәйге төбе мектеп-бөбекжай  кешенінде музыка пәнінің мұғалімі боп шәкірт баулып жүрген ұстаз еңбек жолын алғаш  1998 жылы  Миялы балалар саз мектебінде бастаған.

«Білім беру ісінің үздігі» және «Үздік ұстаз» төсбелгілерімен марапатталып үлгерген кейіпкеріміздің балалары да өнерден құр алақан емес. Бүгінде Бәйгетөбенің, қала берді кент ішіндегі қонақтық жиындар мен мерекелік кештер Айбек пен Нұрбектің қос дауыстағы қазақи нақышпен өрнектелген әдемі әуендерінсіз өтпейді. Одан кейінгі Ақерке мен Жанерке де Мақат балалар өнер мектебінде бірі баян, бірі дәстүрлі ән бойынша дәріс алып жүр. Алғаш рет төртеуі аудан сахнасына шығып, көрермен көзайымы атанған сәттерінде ұлдар 6, қыздар небәрі 4 жаста екен.

«Жеті өнерді» аздық еткен жігіттеріміз сондай-ақ, қылқалам өнерінен де қашық емес.Балаларға әншілік өнер атасы Әбіт пен әкелері Нұрланнан дарыса, суретшілігі нағашыларынан дейді анасы. Бір айта кетерлігі, әкелері де домбыраны өздігінен үйреніп алған әуесқой әнші. Балаларының әр қадамына анасы тілекші. Қашан да, аузынан шүкіршілігін тастамайтын ол үнемі әр бала өз несібесімен келеді деп отырады. Европаға еліктеп, екеуден артық құрсақ көтеруден қашатын кейбір жас аналарға атаулы мереке тұсында әңгімемізге арқау болған Гүлфайрус секілді аналар үлгі болсын дегіміз келеді.

А.САДЫКОВ  

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT