«Жәннат» – ана бейнесін арқау еткен спектакль

(0 Votes)

Жер бетінде орны толмас бір құндылық бар. Ол – ананың аялы алақаны, жүректен төгілер мейірімі, перзентіне деген шексіз махаббаты. Өмірдің сан сынағында адамға қуат беріп, бағыт көрсететін осы мейірімнің қадірін білу – адамзатқа берілген ең ұлы сый.

Осы құнды тақырыпты тереңнен қозғап, адам жүрегінің ең нәзік қылын дөп басқан режиссер Мұханғали Томановтың «Жәннат» қойылымы Атырау Жастар театрында сахналанып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Спектакль бір әулеттің асқар тауы болған әкенің қазасынан кейінгі ауыр кезеңнен бастау алады. Отбасының арқа тірегі өмірден өткен соң, тағдыр салмағын жалғыз арқалаған ананың күреске толы өмір жолы, оның алты бірдей перзентін аяқтан тік тұруға тәрбиелеудегі төзімі мен қайсарлығы сахнада өте шынайы, өмірдің өзінен алынғандай суреттеледі. Ана бейнесі – біздің қоғамда қашанда қадірлі, ал қойылымда бұл образ ерекше тереңдікпен ашылған. Жалғыз ана Сүйініш, Қанағат, Жұбаныш, Гаухар, Інжу, Маржан есімді үш ұл мен осынша қыздың тірегі. Әкенің жоқтығын білдіртпеуге тырысып, перзенттерін бір үйдің ғана емес, бір елдің тірегі болуға тәрбиелейтін ананың жан дүниесі, оның күндіз күлкі, түнде ұйқы таппаған еңбегі көрерменге кеңінен жеткізіледі. Спектакль барысында ананың әр сөзі, әр әрекеті, әрбір тағдырлы шешімі – махаббат пен сабырдың символына айналады.

– Қойылым ата-ананың қадірін ұғындыруды, әсіресе ана жүрегінің кеңдігін, сабыры мен төзімін сезіндіруді мақсат етеді. Ана – отбасының шамшырағы, таусылмас төзім мен сарқылмас махаббаттың киелі иесі екенін спектакльдің әр көрінісінде айқын көрсетті. Өмірдің өзінен алынған оқиғалар желісі көрерменді терең ойға қалдырды. Бұл қойылымды көргенде көзге еріксіз жас келді, – дейді Атырау қаласының тұрғыны, көрермен Жауқазын Саматқызы.

«Жәннат» – тек бір отбасының тағдыры туралы қойылым ғана емес, бұл – ана болмысының ұлылығын дәріптеген, жүрекке жететін, адамды өз өміріне ой жүгіртуге жетелейтін өнер туындысы. Ал Атырау Жастар театры жаңа қойылым арқылы көрерменін тек тебірентіп қана қоймай, мейірімнің, төзім мен тәрбие құдіретінің мәнін тағы бір мәрте ұғындырды.

Тоғжан ЕРМЕК

Суреттерді түсірген автор

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT