Тазалық – мәдениеттен басталады

(0 Votes)

«Таза Қазақстан» – бұл тек бір реттік акция емес, бұл – қоғамның өз ортасына, өз үйіне, өз болашағына деген көзқарасын көрсететін мәдениет. Тазалық – тек қоқыс жинау емес, адамның ішкі тәртібі мен жауапкершілігін айқындайтын айна. Сондықтан да бұл бастамаға селқос қарамай, әр азаматтың атсалысуы – елдік міндет.

Қоршаған ортаны қорғау – мемлекеттен басталмайды, әр отбасының табалдырығынан басталады. Көшеге тасталған бір ғана бөтелке немесе пакет – біздің ойымызша болмашы нәрсе көрінгенімен, табиғатқа тигізер зияны орасан. Ал оны жинап алған адамның әрекеті – кішкентай көрінсімен, үлкен мәдениеттің көрінісі.

«Таза Қазақстан» – адамдардың сана-сезімін оятатын, ұрпаққа өнеге болатын бастама. Бүгінгі жас бала әке-шешесінің қоқысты сұрыптап, айналаны таза ұстап жүргенін көрсе, ертең ол да сондай азамат болып өседі. Тазалық – үйретумен емес, үлгімен келеді.

Бұл акцияның ең үлкен күші – қоғамды ортақ іске жұмылдыруында. Бір күндік жұмыс болса да, адамдардың бір мақсатқа бірігіп, өз ауласын, өз көшесін ретке келтіруі – сол жердің иесіне деген құрметтің белгісі. Бұл – туған жерге сүйіспеншіліктің нақты көрінісі.

Сондықтан да «Таза Қазақстан» – тек табиғатты тазарту емес, ол – сананы тазарту, жауапкершілікті арттыру, мәдениетті қалыптастыру. Егер әрқайсымыз өз ортамызға ұқыптылықпен қарасақ, Қазақстан шын мәнінде таза, көркем, өмір сүруге жайлы елге айналары сөзсіз.

Ең бастысы – бұл бастама бір күндік емес, өмірлік әдетке айналса игі.


Нұрболат ОСЕРОВ
жеке кәсіпкер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT