Әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы – ана.
Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аналардың асылдығында шек жоқ. Мынау өмір ғажайып аналарымызбен мәнді, шуақты. Айтуарова Күнсұлу Бисекешқызы да құрсағына жеті бала сыйдырып, кеудесіне «Алтын алқа» тағынған осындай аналарымыздың бірі.
Отбасының берекесі, ынтымақ пен ырыстың ұйытқысы бола білген көпбалалы аналар құрметке де, қошеметке де лайық. Алтын құрсақ аналардың дүниеге сәби әкеліп, сол баланы тәрбиелеу жолында еткен еңбектерін ештеңемен теңестіре алмайсың.
Ол 1959 жылы ақпан айының 9 күні Мақат ауданында дүниеге келген. Құдай қосқан қосағы Нұрманов Тәжібекпен шаңырақ көтеріп, 4 ұл, 3 қызды дүниеге әкеледі.
Қарапайым отбасында дүниеге келген ол А.Гайдар атындағы орта мектебін 1976 жылы тәмамдады. Еңбекке ерте араласқан Күнсұлу Бисекешқызы мәдениет саласында ұзақ жылдар бойы қызмет етті. Адал қызмет үшін бірқатар мақтауларға ие болған.
Күнсұлу апа - бала күнінен ибалы, инабатты тәрбиесімен, табиғатынан ақжарқын, ақкөңіл мінезімен және көркі мен ақылының үйлесім тапқандығымен ауыл-аймақтың көз қуанышына айнала білген жан.
Ұлдарының барлығы үйленген, қыздары тұрмыс құрған. Еліне адал қызмет етіп жүрген олардың барлығы - бүгінде білімді, білікті мамандар.
Елдің дамуына үлес қосуды мақсат еткен ерлі-зайыпты ауылдастарынан қалмай жұмыс істеп, балаларын өсірді. Қазір ақ жаулықты ана мәуелі бәйтерекке айналды. Алақаны аялы әже құдайы қосқан қосағымен 8 немере, 5 жиеннің қызығына кенеліп отыр.
Немерелерінің қолынан май жалап, су ішкен алтын құрсақты Күнсұлу әжей отбасылық бақытты ең басты құндылық деп біледі. Ол балалары мен немере-жиендерінің амандығын, елдің тыныштығын әр сәт сайын тілеп отырады.
Қазіргі таңда отағасымен бірге зейнетке шығып, мал шаруашылығымен айналысып, төрт түлігін түлетіп отыр.
Үйдің берекесі, қыз бен ұлдың өнегесі бола білген ана алдында бәріміз қарыздармыз. Немере-жиендерін «айналайын» сөзімен аялап, жан-жағына шуақ шашып жүрген Күнсұлу апа сияқты аналардан жастар үлгі алса, құба-құп.
А.ТАУМҰРЫНОВА