Атырау қаласында ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5546 әскери бөлімінде борышын мінсіз атқарған жеті сарбазға «Сарбаз 2.0» бағдарламасы аясында мемлекеттік білім гранттары табысталды. Бұл — ел қорғанысын нығайтуға үлес қосқан жас жауынгерлерге көрсетілген зор қолдаудың айқын көрінісі.
Қорғаныс министрлігінің бастамасымен жүзеге асып келе жатқан «Сарбаз 2.0» жобасы жыл сайын екі мыңнан астам әскери қызметшінің жоғары білім алуына мүмкіндік береді.
Грант иегерлерінің бірі — қатардағы жауынгер Амангелді Асылжан. Әскери бөлімдегі бір жылдық қызметін мінсіз өткеріп, тәртібі мен белсенділігі арқылы көзге түскен жас сарбаз «үздік жауынгер» атағын иеленді. Енді ол еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі — Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алуды жоспарлап отыр.
– Әскери қызмет маған шыдамдылық, ерік-жігер және тәртіптің нағыз мектебі болды. Елім алдындағы борышымды адал атқаруға тырыстым. Еңбегімнің еленуі — үлкен жауапкершілік. Болашақта алған білімімді ел игілігіне жұмсағым келеді, – дейді жас жауынгер.


ҚР Ұлттық ұланының
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі


