АСТАНА. KAZINFORM — Республика күні қарсаңында 500-ден астам еңбек адамы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин әлеуметтік желіде жазды.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек культін ілгерілету, жұмысшы мамандықтар мәртебесін арттыру саясатын жүйелі әрі жоспарлы түрде жүргізіп келеді, — деп жазды Ерлан Қарин.
— Президент 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады.
— Мемлекеттік наградалар жүйесіне жаңадан 9 құрметті атақ қосылды: ғалымдар мен өнертапқыштар, инженерлер, архитекторлар мен құрылысшылар, кеншілер мен шахтерлер, геологтар, өнеркәсіп, көлік, су және аграрлық сала жұмысшылары үшін.
— Елімізде 63 кәсіби мереке аталып өтіледі, Еңбек күніне ерекше маңыз берілген.
— Жыл сайын еліміздің дамуына адал еңбегімен жеке үлесін қосып жүрген азаматтарға мемлекеттік наградалар тапсырылады.
— Республика күні қарсаңында Президент түрлі салалардың 500-ден астам жұмысшысын, еңбек әулеттерінің 138 өкілін, 200-ден астам ғалымдар мен педагогтерді, медицина қызметкерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.
— Ең жоғары мемлекеттік награда — «Қазақстанның Еңбек ері» атағы көп жылдық еңбек өтілі бар әрі еңбек әулеттерінің өкілі саналатын механизатор М.Қаражұманов пен шахтер С. Чернобайға берілді.
Айта кетелік бүгін Президент ғылымға қосқан үлесі үшін мемлекеттік наградалар берген еді.



