Қоғам өмірінің барлық саласында заңдылықтың сақталуын қадағалайтын прокуратура органдарының рөлі айрықша. Мемлекетіміздің құқық қорғау жүйесінің ұйытқысы болып табылатын прокуратураның бар күш-жігері заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, мемлекет мүддесін қорғауға бағытталған.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясына сәйкес Қазақ КСР-ның Жоғары Кеңесінің 6 желтоқсан 1991 жылы қаулысымен еліміздің тәуелсіз прокуратура органдары құрылған болатын. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының 25 ақпан 2004 жылғы бұйрығымен 6 желтоқсан Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының құрылған күні ретінде жарияланып, жыл сайын атап өту белгіленген. Біз мереке қарсаңында аудан прокуроры, аға әділет кеңесшісі Нариман Ешмановпен тілдесіп, аудандағы осы салада атқарылып жатқан жұмыстар төңірегінде сұхбаттасқан едік.
- Нариман Олжабайұлы, әңгімемізді өзіңізбен танысудан бастасақ. Прокурор болу сіздің бала күнгі арманыңыз ба?
- Менің ойымша, өмірінде армандамайтын адам болмайтын шығар. Әрине, бәрімізде балалық шақта ұшқыш, дәрігер, ұстаз болуды армандадық қой. Бірақ өмірден өткен әкемнің арманы – менің прокурор болуым еді. Сол әкемнің арманын орындау үшін мектеп бітірер тұста Қазіргі замандық гуманитарлық университетіне оқуға түсіп, оқуды аяқтай салысымен Бас прокуратураның Атырау облысы бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу орталығында қызметімді бастадым. Содан бергі 23 жылда Атырау облысы прокуратурасының Басқарма басшысы, Жылыой ауданы прокурорының орынбасары, Махамбет ауданының прокуроры және 2022 жылдан бастап Мақат ауданы прокуроры лауазымын атқарып келемін.
- Прокурор болу қаншалықты қиын?
- Әрбір мамандықтың өз қиындығы бар. Ал өз жұмысыңды жақсы көрсең, оның ауырлығын сезбейсін. Менің жиырма жылдан астам прокуратура органдарында қызмет атқарған еңбек өтіліме ештеңе жетпейді. Бір кездері таңдаған «прокурор» мамандығын еш қызметпен ауыстырмайтынымды өзіме дәлелдедім деп ойлаймын.
- Бұрыңғы заманнан қалыптасып қалғандай прокурорлар қатал, өмірі күлмейтін, жанына жан жұқтырмайтын, қара киімді адам деп елестететін едік. Ал сізден – ашықтық та, жылулық та анық байқалады. Сол үшін де ауданда беделіңіз жоғары деп ойлаймын?
- Бұл алдымен ата-анамның тәрбиесі. Әр адамның отбасынан алған тәрбиесінен тағдырының бастау алатыны белгілі. Оның ішінде мамандықты таңдауға да әсері бар. Жалпы, Сіз айтып отырған қатал, қара киімді прокурорлар дегеніңіз ол бұрынан қалды. Қазіргі прокурорларға заманына сай қойылатын талаптар өзгерді, олар халыққа ашық, жақын болуы міндетті. Ал, халыққа жақын болуымыз еліміздің дамуын жетелейтін күш деп есептеймін.
- Нариман Олжабайұлы, әр басшының өзінің жұмыс жасау тәсілі болады. Сіздің өз қарамағыңыздағы қызметкерлермен қатынасыңыз қандай?
- Мен басқаруда ашықтықты жақсы көремін. Күнделікті жұмыс күнім қызметкерлерді қабылдап, жұмыс бағыты бойынша тапсырма беруден басталады. Жалпы аудан прокуратурасында менімен қосқанда 4 прокурор қызмет атқарады. Оларға қойылатын басты талап – Бас Прокурордың бұйрықтары мен облыс прокурорының тапсырмасына сәйкес міндетін мүлтіксіз орындау болып табылады.
- Прокуратура жұмысының ең маңызды бағыттарының бірі — азаматтардың құқықтарын қорғау және тиісті шараларды жүзеге асыру екені белгілі. Осы бағытта биыл ауданда қандай жұмыстар атқарылды?
- Аудан прокуратурасында жыл басынан бері көптеген нәтижелі істер атқарылды. Негізінен балалардың құқықтарын қорғау бағытына аса көңіл бөлінді. Яғни, аудан аумағында балаларға қауіпті деп танылған 5 аймақ анықталып, қадағалау актісі негізінде жол белгілері орнатылды. Білім беру ұйымдарының бейнекамераларын қалпына келтіру қамтамасыз етілді. 27 балаға тиесілі 1,7 миллион теңге алимент берешектері өндірілді. Оқушыларға жалған дипломмен білім беріп жүрген 11 қызметкер анықталып, қылмыстық істер тіркелді. Бұдан бөлек, жұмыспен қамту бағдарламасы аясында бірнеше ай жалақысын ала алмай жүрген 65 қызметкердің 3 миллион теңгеден астам жалақы берешегі өндірілді. Біздің бастамамызбен ауданға қарасты ірі мекемелердің «Enbek.kz» сайтына бос жұмыс орындарын жариялауы қамтамасыз етілді. Соның арқасында бүгінгі күні 11 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл бағытта жұмыстар әлде де көп, келер шақта жалғасын табады. Сондай-ақ заңсыз ұстауда болған 3 азамат прокурор қаулысымен босатылды. Бұл – біздің аудан тұрғындарымен байланысымызды жақсарту мақсатында қол жеткен нәтижелі істеріміздің бірі. Осы аталған шараның өз кезегінде қарапайым халықтың құқықтық сауаттылығының артуына, олардың конституциялық құқықтарының толыққанды қорғалуына, прокуратура органдарына сенімділігін арттыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Айта кету керек, осы жылы ауданымызда адамдарға қатысты бірде-бір ауыр қылмыс тіркелмеді.
- Мемлекеттік бюджет саласына қатысты атқарған жұмыстарыңызды айтып өтсеңіз?
- Біз үнемі мемлекеттік сатып алу порталына қадағалау жүргізіп отырамыз. Жалпы мемлекеттік сатып алу бағыттары бойынша 200 миллион теңге қаражат үнемделді. Прокурорлардың алынған шараларымен бюджет 30 миллион теңгеге жуық толықтырылды. Ал мемлекет балансына құны 150 миллион теңге құрайтын заңсыз пайдаланылмай жатырған жер учаскелері қайтарылды. Бұдан бөлек, сот тәртібімен құны 40 миллион теңгеден астам мүліктерді қайтарып алу жұмыстары жүргізіліп жатырғанын айтып өткім келеді. Өзге де прокурорлардың жұмыстарымен 37,5 миллион теңгеге бюджет қаражатының заңсыз игерілуі тоқтатылды.
- «Болашақ» саябағының құрылысы бойынша не айтасыз? Бұл саябаққа қатысты халық наразылықтарын білдіріп келеді?
- Иә, әрине кез келген халық наразылығына қатысты мәселе бірден прокуратураның бақылауына алынады. Оның ішінде сіз қозғап отырған «Болашақ» саябағы да бар. Бұл мәселе бойынша мердігер мекемемен өз қызметін уақтылы орындамағаны үшін прокурордың ұсынуы негізінде шарт бұзылды.
- Кәсіби мереке қарсаңында жас прокурорларға қандай кеңес айтар едіңіз?
- Менің қызметтік тәжірибем көрсеткендей, 30 жылға дейін бойда «жастық жалын» қайнап тұрады. Сондықтан бұл әлі де тәжірибе жинақтауға жеткілікті шақ. Ал, 30 жыл өткен соң таңдаған мамандығын – прокуратура қызметкерінің маңыздылығын, қажеттілігін, оның құқық қорғау органдарының арасындағы үйлестіруші және беделінің жоғарлығын түсіне бастайсың. Көптеген замандастарым отбасылық жағдайына, жалақының төмендігіне немесе өзге де себептерімен жұмыстан шығып кетсе де қайтып прокуратура органдарына оралып жатады. Себебі олар басқа орындардан прокуратурадағыдай рухани қанағат ала алмайды деп ойлаймын. Сөзімді қорытындылай келе, барлық прокуратура органдарының қызметкерлерін Қазақстан прокуратурасының құрылған күні кәсіби төл мерекемен құттықтай отырып, заңсыздықтарға жол бермей, мемлекет мүддесін, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету жолында аянбай адал еңбек етіп, абырой биігінен көрінетіндеріне сенім білдіремін!
- Нариман Олжабайұлы, әңгімеңізге рахмет. Төл мерекелеріңіз тағы да құтты болсын!
Сұхбаттасқан:
М.ІЗТҰРҒАНОВА