Елімізде тәу етер Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына негізделген «Қайырымдылық керуені: 30 қайырымды іс» акциясы ұйымдастырылуда. Бұл шарадан біздің аудан да шет қалмады.
1 наурыз - Алғыс айту күніне орай облыс әкімі Махамбет Жолдасқалиұлының қатысуымен шара өтіп, аудандар бейнебайланыс арқылы қосылды. Жиын барысында аймақ басшысы көктемнің алғашқы күнінен бастап «Қайырымдылық керуені: 30 қайырымды іс» акция жұмысы бастау алғанын жеткізді.
Өз кезегінде аудан әкімі Шәкір Кейкінұлы акция аясында аудан көлемінде жүзге жуық қайырымдылық істер атқарылатынын айтты. Соның ішінде акцияны алғашқы болып жеке кәсіпкер Карабаев Бекболат бастады. Ол тұрмысы төмен 5 отбасыға 20 мың теңгелік сертификат табыс етті. Аталмыш азық-түлік өнімі сертификатына ие болғандар Б.Карабаев иелік ететін Доссор кентіндегі «Инабат» дүкенінен белгіленген қаржы көлемінде сауда жасай алады.
Сондай-ақ, бұл бастамаға қолдау көрсетуге қарапайым тұрғындар да ниет білдірген. Шет тілін еркін меңгерген Мақат кентінің тұрғыны Мейірімгүл Имақашева әлеуметтік аз қамтылған және ерекше бала тәрбилеп отырған отбасы балаларына тегін ағылшын тілін үйретуді бастап кетті. Мейірімгүл он оқушының 1 ай бойы шет тілін еркін меңгеруіне септігін тигізбек.
Бұл күні жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен көпбалалы отбасыға тұрмысқа қажетті құралдар сыйға тартылды. Тосыннан келген сый-сияпатқа риза болған ана қайырымды жандарға алғысын білдірді.
Айта кетейік, көктемнің алғашқы күнінен бастау алған бұл игі іс алдағы уақытта өз жалғасын таппақ.
М.ІЗТҰРҒАНОВА
Cуреттер автордікі