Ару көктемнің алғашқы күнімен қатар енетін алғыс айту күнінің мәні ерекше. Дүниенің жаңарып сала берер сәті - бір-бірімізге деген ілтипатымызды білдіруге керемет мүмкіндіктей.
Бұл ретте аудан әкімі Ш.Кейкин қиын сәтте қол ұшын соза білген бір топ белсенді азаматтарымызға елдің атынан алғыс білдірді.
Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залына жиылған жерлестеріміздің қай-қайсысы да елі мен жеріне жасаған жақсылығын бұлдамайды. Ал, оларды елеп-ескеріп ұлтына деген ұстанымын өзгеге үлгі қылу - басшылықтың міндеті. Еліміздегі пандемия кезінде айрықша табандылық пен зор жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсеткен жандарға аудан әкімі алдағы уақытта да ауызбіршілікпен бірлесе жұмыс атқаруға шақырды.
"Алғыс айту күні - қысылтаяң шақта бар ауыртпалықты бірге көтеріп, мемлекет басшысының жетекшілігімен Тәуелсіз Қазақстан құру жолында аянбай тер төккен ел азаматтарының бір-біріне құрмет көрсетуі және бірлік пен достықтың жарқын мерекесі.
Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы жолындағы еңбегіңізге жеміс, өзіңізге мықты денсаулық, отбасыңызға амандық, қызыметіңізге табыс тілеймін",-делінген алғыс хатта.
А.САДЫКОВ
суреттер автордан