Аудан әкімі бәйгетөбеліктермен кездесті

(0 Votes)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі әкімдердің тоқсан сайын халықпен кездесу өткізіп, атқарылған жұмыстар туралы есеп беруін міндеттеген болатын. Осы мақсатта аптаның сәрсенбісі күні аудан әкімі Ринат Ибрагимов Бәйгетөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

Еркін форматта өткен кездесу Бәйгетөбе ауылының ашық алаңында өтті. Онда аудан әкімі өткен кездесуде бірқатар мәселелердің көтерілгендігін айтып, тұрғындардың ұсыныс-пікірін тыңдады.

Ауыл тұрғындары алдымен ауылдағы қоқыс контейнерлерінің сыртын қоршау туралы өз ұсыныстарын жеткізді. Олардың айтуынша, қатты жел болған жағдайда қоқыстар ұшып, қала берді шашылған қоқыстарды иттер сүйреп ауылдың тазалығына нұқсан келтіруде. Ал бұл әрине қоршаған ортаға келеңсіздік тудыратыны анық.

Айтылған мәселеге аудан әкімі Ринат Ибрагимов бұл аудан бойынша ескерліген мәселе екендігін айтып, аудандағы барлық қоқыс алаңдарының айналасына қоршау жасау керектігі жөнінде жоба жасалып жатқандығын жеткізді.

Одан бөлек, тұрғындар бұралқы иттердің малға шауып, жарақаттап кету оқиғалары соңғы жылдары көбейіп кеткендігін, бұл тұрғындардың мазасын қашыратын жағдай екендігін айтып ашынды. Себебі, олар бұралқы иттер малдан бөлек, балаларымызға шапса не болады деп алаңдаулы.

Аудан әкімі айтылған арыз-шағым бойынша заң тұрғысынан бұралқы иттерді атуға болмайтындығын айтып, жауап берді. Десе де, Бәйгетөбе ауылында ашылған бұралқы иттерді аулап, күтіп ұстау орыны бар екендігін, ол мекемеге бүгінде қаражат қарастырғандығын жеткізді. Айтуынша, аталған мекемеде тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ ауыл тұрғындары аудан орталығына қатынайтын тағы бір автобус ұйымдастыруды сұрайды. Өйткені бүгінгі қолданыстағы бір автобус тұрғындар үшін қолайсыз. Айтуларынша, оған жолаушылар сыймайды. Сонымен қатар, демалыс күндері де тоқтамаса деген талап-тілектерін білдірді.

Бұл айтылған ұсынысқа аудан әкімі келер жылдың басында қосымша қаражат бөліп, Бәйгетөбе ауылдық округіне екі автобус жүруіне сұраныс беретінін жеткізді.

Кездесу барысында тұрғындар көтерген тағы бір мәселе - ауыл ішінде балалар ойын алаңының жоқтығы. Тіпті, биыл қолданысқа берілген футбол алаңының келбеті де сиықсыз күйде. Оған қоса, олар ауыл ішіне жол салу, жарық мәселелері жөнінде өз ұсыныс-пікірлерін айтып, тиісінше жауап алды.

Кездесу соңында сөз сөйлеген ауыл ақсақалы Ерғазы Жоламанов ауыл ішінде бірқатар жұмыстар жасалғандығын жоққа шығармады. Сондай-ақ ол өзекті мәселелердің де шешілетіндігіне сенім білдірді.

Айтылған талап-тілектерден кейін аудан әкімі Ринат Ибрагимов аталған мәселелердің шешілу жолдары міндетті түрде қарастырылатындығын және барлық істер заң аясында кезең-кезеңімен атқарылатындығын жеткізді. Нәтижесінде, қойылған сұрақтар мен ескертпелер хаттамаға енгізіліп, мақұлданды.

Ә.ҚАСЫМ

Суреттер автордікі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT