29 сәуір күні Доссор кен орнындағы №3 ұңғымадан алғаш мұнай атқылағанына биыл - 110 жыл толды. Осыған орай, Доссор мәдениет үйінде мерекелік іс-шара өтті. Аудан әкімі Шәкір Кейкин жиналғандарды құттықтап, Доссор кенішінің игерілгеніне 110 жыл толуына орай шығарылған естелік медальмен бір топ ардагерлер мен қызметкерлерді марапаттады.
- Доссор мұнайы өңірдің ғана емес тұтас өлкенің гүлденуіне оң ықпал етті. Бүгінде мұнайшыларымыз еліміздің игеру жолында қара алтынды игеру дәстүрін жоғары деңгейде жалғастыруда. Осы ретте алдымен сабақтастықты сақтап, заманға сәйкес мұнай өндіріп келе жатырған «Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты «Доссормұнайгаз» өндірістік басқармасының ұжымын құттықтай отырып, іргелі табыстар тілеймін,- деді аудан әкімі Ш.Кейкин.
Марапатқа ие болғандардың қатарында ардагер ұстаз Орынай Есетова да бар. Оның әкесі Дауылбай Есетов Доссор мұнай кәсіпшілігінде мұнайшы болып еңбек еткен. Ұлы Отан соғысы жылдарында жергілікті мұнайшылардың соғысқа алынбай, броньмен мұнай өндіруге қалдырылғаны белгілі. Олар 12 сағаттық жұмыс кестесімен толассыз мұнай өндіріп, жанармайлық мұнайды майданға үздіксіз жөнелтіп отырған. Әкемнің күні-түні аянбай еңбек еткені әлі көз алдымда дейді ардагер ұстаз.
- Осы клубта әкем Ленин орденін алды, енді осы жерде мен әкемнің алған жерінде мен келіп мынадай марапат алып жатырмын. Соған бір Аллаға шүкір етемін. Осындай күнге жеткізген Аллаға ризамын. Бәрің де аман болыңдар қазақстанның мұнайы таусылмасын. Мұнайшылардың саны көбейіп, мәртебесі өсе берсін,- деді О.Есетова.
110 жылдық мерейтойға орай Доссор кентінде ауқымды жобалар жүзеге аспақ. Биыл кент көшелеріне 21 км асфальт төсеу жұмыстары басталып, екі жыл ішінде кенттегі тегіс жолдың үлесі 99%-ға дейін жетпек. Сондай-ақ, Махамбет Өтемісұлы көшесінен Оспан Шаримов көшесіне дейін 5 км жаяу жүргіншілер жолы салынады. Одан бөлек Махамбет Өтемісұлы мен Шәли Еркешев көшелерінің қиылысында су бұрқағы мен айналма жол салу да жоспарланып отыр. Көпқабатты үйлер орналасқан Әмірхан Мантаев көшесіндегі саябақ аллеяға да мерейтой қарсаңында жаңғырту жұмыстары жүргізілгелі отыр. Сондай-ақ, көшелер жарықтандырылып, кентке 2300 түп көшет отырғызылып, қоршау салынатын болады.
Мөлдір Ізтұрғанова
Суреттер автордікі